Жетісуға бет алсаңыз Көксу ауданында кезек күткен камаздардан көз алмайсыз. Қызылша тиеген жүк көліктері кептелісте тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазір өңірде қызылша қабылдау науқаны жүріп жатыр. Қыркүйек айының ортасында басталған жиын-терім мезгілі әлі біраз күн жалғасады. Көксу ауданына қарасты Балпық би ауылынан облыс орталығы Талдықорған қаласына баратын жолдың жиегі жүк көлігіне толы. Кептелісте тұрған техникадан көз талады. Кейбірі тәуліктеп кезекте тұрады екен. Себебі алыс-жақын аудандардың бәрі тәтті түбірдің басым бөлігін Көксу қант зауытына өткізеді.
Былтырда осылай кезек күткенбіз. Үйреніп қалған әдетіміз. Өкінішке қарай біртіндеп қабылдап жатыр. 4-5 көлік бірге кірсе жақсы болар еді. Камазды бір өлшеп, тауарды бір өлшеп уақыт өлтіреді. Қызылша науқаны қызып тұр. Жүзден астам ірілі ұсақты қожалықтардың бәрі осында өткізеді. Оларды да түсінуге болады. Ең өкініштісі, дизель отынына обал. Жүк көліктері жанармайды көп жағады. Біз мәселе трактормен Қараталдан бері келгенде жарты тоннаға дейін дизель отынын жағып қоямыз, - дейді тракторшы Талғат Есенбеков.
Облыстық ауылшаруашылығы басқарамасының мәліметінше, Көксу қант кәсіпорынына келісім шартқа отырған 4 аудан, бір қала барлығы 370 мың тонна шикізат өткізуі тиіс. Қалғанын Ақсаудағы кәсіпорын қабылдайды. Жалпы алғанда 600 мың тоннадан астам өнім қабылданбақ.
Кейбір шаруалар қол күшін іздестіріп әлек. Қызылша жинайтын техника санаулы. Сондықтан адамдарды жалдап тиетеді. Олар күніне 30-40 мың теңге алады. Оның үстіне жанармай бағасы қымбат. Оған берілген субсидия өзін-өзі ақтамайды. Оны да ескерген жөн. Жалпы өңірге тағы бір зауыт қажет, - дейді шаруа иесі Асқар Жасырмақов.