2025 жылы кинологиялық қызмет қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне айрықша үлес қосты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қызметтік иттер полиция үшін есірткі қылмысына қарсы күресте, жарылғыш заттарды анықтауда және қылмыскерлерді ізін суытпай ұстауда сенімді әрі таптырмас көмекшіге айналды.
Жыл бойы кинолог мамандар өздерінің қызметтік иттерімен бірге шамамен 1,5 мың жедел-іздестіру іс-шарасына қатысты. Бұл ретте есірткінің заңсыз айналымына қарсы бағыттағы жұмыстарға ерекше назар аударылды. Аталған бағытта қызметтік иттер ең жиі қолданылып, республикалық "Қарасора" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында белсенді түрде тартылды.
Қызметтік иттер жарылғыш заттарды анықтауда, қылмыскерлердің қозғалыс бағытын белгілеуде, иіс арқылы сәйкестендіру жұмыстарын жүргізуде кеңінен пайдаланылды.
Атқарылған жұмыстың нәтижелілігі нақты көрсеткіштермен айқындалады: қызметтік иттердің көмегімен 180 қылмыс ашылып, соның ішінде 18-і есірткіге қатысты құқық бұзушылықтар болды.
Сонымен қатар мамандардың кәсіби даярлығын арттыруға да басымдық берілді. Жетісу облысында ҚР Ішкі істер министрлігінің кинологиялық орталығы нұсқаушыларының қатысуымен оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылып, олар қызметтің нақты жағдайларына барынша жақын форматта өткізілді.
Қызметтік иттер бүгінде де полиция қызметінің ажырамас бөлігі болып қала береді. Олар – сезімталдығы жоғары, төзімділігі мол әрі азаматтардың қауіпсіздігін қорғау жолында адал қызмет ететін сенімді серіктер.