Өңірде құрылыс жұмыстарына салғырт қарағандарға 23 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Қазір облыс орталығында халық тұрғын үйлердің сапасына сын айтуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көктемнің толассыз жауынында Талдықорғандағы 6-шы және 7-ші шағынаудандарда салынған көпқабатты үйлердің төбесінен су ағып, халық облыс әкімдігіне шағымданған болатын. Әбігерге түскен тұрғындар жауапты мамандарға тиісті шаралар қабылдауын сұраған еді. Қазір шатырларды қайта жабу жұмыстары қолға алынып жатыр.
Өңірдегі құрылыс нысандарының бәріне техникалық және авторлық қадағалаулар жүзеге асырылады. Арнайы комиссия барып тексерістен өткізіп, қабылдау, қабылдамауын шешеді. Олар күнделікті жұмысты орындайды. Сондай-ақ ай сайын басқармаға есептерді электронды түрде «Е-Құрылыс» порталына жібереді. Жыл басынан бері өңір көлемінде объектілердің заңсыз және өз бетінше салынуы кездеспеді, - дейді облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Саят Қараласов.
Бүгінде облыс аумағында 200-ге тарта нысанда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Орындалмаған құрылыс жұмыстары үшін өтініштер мен шағымдар негізінде 92 нысан қамтылды.
Соның негізінде 64 әкімшілік хаттамалар толтырылды. 28 нысанға анықталған кемшіліктерді белгіленген уақыт ішінде түзету туралы ұйғарымдар берілді. Осы күнде сол жіберілген кемшіліктер толықтай түзетілген.
Қала ішінде соңғы салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасы нашар. Оны осы саланың ақ-қарасын ажырата алатын кез келген адам айтады. Сыртқы қабырғалар бетон болғанымен, ішкі қабырғалар тез үгітіліп кететін кірпіштен салынған. Ертең жер сілкінсе бір мезетте қирап қалуы мүмкін. Мердігерлер сапасыз салады, - дейді қала тұрғыны Асылым Айтенова.