Облыс орталығында рұқсатсыз қоқыс тасталатын орындарға тексеру жүргізілді. Нәтижесінде алдағы уақытта сол орындарға 20 фотоқұрылғы орнатылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бейберекет қоқыс төтетін тұрғындарға қанша ескерту жасағанымен өңірдің тазалығын сақтап қалу мүмкін болмай тұр. Қала маңайына қоқыс тастап, тіпті көше бойына, көлікте келе жатып, адам аяғы аспайтын жерлерге қоқыс лақтыру белең алып барады. Осы мәселенің алдын алу үшін қала әкімдігі бақылау камераларын орнатпақ.
Біз қаланың тазалығын барынша сақтап қалу үшін осындай қадамға баруды жөн көрдік. Қазір конкурс жүруде, алдағы уақытта фототұзақтар қойылады. Тұрғындарға ескерту жүргізілгенімен, кімнің бейберекетсіздікке барғанын анықтау қиын. Сол үшін осындай шара қабылдауға бел байладық, - дейді қала әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтімбаев.
Бұл жұмыстар тұрғындарды да қуантып отыр. Себебі көлікпен келіп ауыл маңайына тұрмыс қалдықтарын төгетін тұрғындар көп. Олар түнгі уақытта, халықтың қарасы азайғанда осындай әнтек әрекетке барады. Мәселен, Қалалық полиция басқармасының деректеріне сәйкес өткен жылы бейберекет қоқыс тастайтын орындардың саны артқан. Осыған байланысты бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды түрде жалғасын табуда.
Талдықорған қаласы аумағында рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тастау фактілерін анықтау мүмкін емес. Сол себепті бақылау фото камералары қала аумағындағы заңсыз қоқыс үйінділерін азайту және тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға ынталандыруда үлкен маңызға ие, көмегі де көп болар еді, - дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Жарылқап Дәмененов.
Біз де қала тұрғындарын тазалыққа бейжай қарамауға, қоршаған ортаны таза ұстауға және бұл бағытта белсенді болуға шақырамыз.