Жетісуда Қаратал өзенінің жағасы қоршалды

Бүгiн, 20:32
106
Бөлісу:
Жетісуда Қаратал өзенінің жағасы қоршалды
Фото: Артём Чурсинов - архив

Осыдан 20 жыл бұрын қойылған өзен қоршауларының көп бөлігі ұрланған болатын. Тұрғындар ашық өзенге балаларын ойнатуға қорқатынын жеткізген еді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыс орталығы Талдықорған қаласын кесіп өтетін Қаратал өзенінің айналасында тұрғындарға арналған ойын-сауық кешендері қойылған. Кішкентай балаларға арналған түрлі ойын кешендері көздің жауын алады. Таңға жуық серуендейтін тұрғындар да бар. Алайда жағасы қоршалмаған жерлері қауіпті. Аяғыңыз тайып кетсе, өзенге ағып кетуіңіз мүмкін. Әсіресе ойын баласына қауіпті.

Қала әкімінің тапсырмасына сай, тұрғындардың тілегі бойынша Қаратал өзенінің жағалауын қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Бүгінде өзен жағалауына 375 метрлік қоршау қойылған. Аталған жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады. Қазір қоршаудың біраз бөлігі қойылды. Тұрғындардың өтініші бойынша жасалып жатыр, - дейді қала әкімінің баспасөз хатшысы Олжас Құрмашев.

Айта кетейік, Қаратал өзенің жағалауы – Талдықорғандағы қала тұрғындары қыдыруға шығатын орталықтардың бірі де бірегейі. Мұнда қала халқы көп шоғырланғандықтан, кешке жақын серуендеуге шығады. Оқыс оқиғалар орын алған жағдайлар да кездескен.

Қаратал өзенінің жағасына күнделікті серуендеуге шығамын. Қаланың көркіне айналған Қаратал ықшамауданының байлығы осы өзеннің жағасы. Қала жастары осында жиналады. Қазір қоршауды жаңартып жатыр. Қоршауға құлып қойып, әбден түрлі бояулармен сырлап кеткендер көп. Соның бәрін тазартып, біраз ретке келтіру керектігін айтып жүрген едім. Немерелерім далаға шыға сала өзен жағасына жүгіреді. Айқайлап әрең тоқтатып аламыз. Қоршау болса қорықпайсың, ары қарай өтіп кете алмайды, - дейді қала тұрғыны, зейнеткер қария Амалбек Таңатарұлы.

Өзгелердің жаңалығы