Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жетісуда қант қызылшасының көлемі неге қысқарды?

17 Шілде 2025, 19:37
686
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

2026 жылы Жетісуда қант қызылшасы 15 мың гектарға, яки 3,6 есеге арттыру көзделген. Алайда биыл 12 мың гектардан әрең асты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өнім мол, өңдейтін зауыт аз

2024 жылы еліміздің егіс алқаптарында қант қызылшасының көлемі бұрын-соңды болмаған деңгейге — 25,2 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Бұл – отандық ауыл шаруашылығы саласындағы ірі жетістіктердің бірі болды. 

Нәтижесінде Қазақстанда бұрын-соңды болмаған рекордтық өнім жиналды: 1,3 млн тоннадан астам тәтті түбір қамбаға құйылды. Бірақ, бұл мол өнімді біздің зауыттар игере алмады.

Сөйтіп, 2025 жылы қант қызылшасы алқабы 18,4 мың гектарға дейін қысқаратыны белгілі болды. Бұл шешім ауыл шаруашылығы саласында жүрген көпшілікті таңғалдырмай қоймады. Ендеше, неге қысқарту қажет болды? Министрлік мұндай қадамға баруға мәжбүр болды ма?

Мәселе тек инфрақұрылымда емес. Қазіргі Көксу мен Ақсу зауыттарының жылдық қуаттылығы бар болғаны 400–500 мың тонна шамасында. Бұл жүктемеден асқан өнім өңдеусіз қалуы мүмкін. Осыған орай, Үкімет 2025 жылға қарай алқап көлемін нақты өңдеу қуатына сай қысқартуға мәжбүр болып отыр. Министрлік өкілдері бұл қадамның уақытша екенін, алдағы жылдары жаңа зауыттар іске қосылған соң қайтадан ұлғайтылатынын мәлімдеді. Демек, қант саласында кедергілер көп деген сөз, - дейді агроном Еділбек Берлікбаев.

Шынында, қант қызылшасы саласында жылдар бойы жетілген күрделі мәселе көп. Қараңыз, қолдағы өндірістік қуаттың бұл көлемді толықтай өңдеуге шамасы жетпейді. Отандық зауыттар өнімді толық игере алмай, бір бөлігін көршілес Қырғызстанның өңдеу кәсіпорындарына жөнелтуге мәжбүр болдық. 

Жетісуда апталап зауыт алдында кезекте тұрған жүргізушілердің жаңайқайы елді шулатты. Шаруалардың шығыны артып, тіпті өнімі қардың астында қалғанын айтып дабыл қақты. Ол ол ма, бұрын күз аяқталмай кагат алаңын тәтті түбірге толтырып, қызу жұмыс бастап кететін өндіріс орындары қақаған қыста та өнім қабылдауына тура келді.

Ең өкініштісі, қант қызылшасының көлемін қысқарту туралы шешім қабылданғанымен, өңдеу қуатын арттыру бағытында нақты істер баяу жүруде. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026 жылға дейін: Көксу зауытының қуатын тәулігіне 5 мың тоннаға жеткізуді; Меркі мен Тараз зауыттарын жаңғыртуды; Шу мен Ақсу қалаларында жаңа зауыттар салуды; Алматы облысында жаңа зауыт құрылысын 2025 жылдың тамызында бастауды жоспарлап отыр.

Бірақ бұл жобалар — әзірге тек жоспар күйінде. Олардың іске асу мерзімі, қаржыландыру көздері және нақты орындалу барысы туралы ашық ақпарат жоқ. Ал егіс науқаны — нақты уақыт пен нақты техникаға тәуелді процесс. Шаруалар болашағы белгісіз бастамаларға қарап, стратегиялық шешім қабылдай алмайды.

Жетісуда қант қызылшасының көлемі неге қысқарды?

Шаруалар шығынға ұшырамай ма?

Жалпы алғанда, егіс көлемін өңдеу қуатына сәйкестендіру – аграрлық басқарудағы логикалық қадам. Бірақ мәселе осы шешімнің неге алдын ала емес, кейіннен жасалғанында. Егер өңдеу қуаты жеткіліксіз екені белгілі болса, неге 2024 жылы рекордтық көлемге дейін ұлғайтуға жол берілді? Бұл жоспарсыздық па, әлде есеп-қисаптың қателігі ме?

Жетісу – еліміздегі қант қызылшасын өсіруге ең қолайлы аймақтардың бірі. Соңғы жылдары өңірде бұл дақылға деген қызығушылық артып, алқап көлемі де ұлғайып келе жатқан еді. Қант қызылшасы — күрделі агротехникалық күтімді қажет ететін, бірақ табысы жоғары дақыл. Бір жыл бұрын шаруалар осы саладан үміттеніп, техника, тұқым, тыңайтқышқа қыруар қаражат салды. Енді олар алқап көлемі қысқарып, өнімді өткізу мүмкіндігі азайса, шығынға ұшырамай ма? Бұл — биліктің шешім қабылдауда шаруалармен дұрыс әрі ашық коммуникация орната алмауының салдары, - дейді ардагер экономист Жомарт Тілеубергенов.

Жетісу облысының өзінде 510,7 мың гектар егістік бар, 2024 жылы ғана арзандатылған жанармай, тыңайтқыш, тұқым және несиелеу бойынша ауқымды мемлекеттік қолдау көрсетілді. Бірақ егер нақты нарық пен өңдеу кепілі болмаса, мұндай қолдаулардың ұзақмерзімді әсері болмайды.

Қазіргі таңда қант саласы – тек ауыл шаруашылығының емес, азық-түлік қауіпсіздігінің де маңызды бір бөлігі. Сондықтан бұл бағытта жүйелі және болжаулы саясат қажет. Әйтпесе, бүгінгі қысқартулар ертең шаруаның жерге оралуына емес, саладан кетуіне себеп болуы мүмкін.

Жетісу облысының ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаевтың айтуынша, көктемгі дала жұмыстары мен алдағы егін жинау науқанына қажетті қаржы да уақытылы бөлінді. Аграрлық несие корпорациясы арқылы 14,3 млрд теңге қаржы қарастырылса, оның басым бөлігі шаруашылыққа үлестірілген.

Алқаптарға су жеткізу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Биыл егінге 1 млрд текше метр су беріледі деп жоспарланған. Су тапшылығы — аграрлық саланың басты сын-қатерлерінің бірі екенін ескерсек, бұл бастама — шаруалар үшін аса маңызды. Ал табиғаттың тосын мінезіне қарсы шаралар да назардан тыс қалған жоқ. Шегіртке тектес зиянкестерге қарсы өңдеу жұмыстары 114,8 мың гектар аумақта жүргізіледі. Бүгіннен бастап басталған бұл шараларға 5 әуе кемесі, 4 дрон және 17 жер үсті бүріккіш техникасы жұмылдырылды. Сонымен қатар, зиянкестердің шоғырланған ошақтарын анықтау үшін 204 адам мен 79 автокөлік тартылған. Жалпы аталған жұмыстарды жүргізуге республикалық және жергілікті бюджеттен 455,8 млн теңге бөлінді, - дейді Н.Кененбаев.

Жетісуда қант қызылшасының көлемі қысқарып жатқаны – кездейсоқ емес, жүйенің шынайы әлеуетіне жасалған мәжбүрлі бетбұрыс. Бірақ бұл уақытша қадам ұзақмерзімді стратегияға ұласуы үшін сөз емес, іс керек. Шаруаларға уәде емес, өңдейтін зауыт, тұрақты нарық, әділ баға керек.

Қызылша біздің өңірде ежелден өсірілетін дақыл. Оның бабын, күтімін жақсы білеміз. Соңғы жылдары заманауи агротехнологияларды енгізіп, өнімділікті еселеп арттыруға мүмкіндік алып отырмыз. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың арқасында біз тек алқап көлемін ғана емес, өнім сапасын да жақсартуға күш салып келеміз. Ауыспалы егіс жүйесін қатаң сақтап, жердің құнарын жоғалтпай, әр гектардан мол өнім алуға тырысамыз. Биыл, мысалы, бұл алқаптан әр гектардан орта есеппен 830 центнерден өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз. Жалпы, біздің шаруашылықтағы қызылшаның орташа өнімділігі – 700 центнер шамасында. Бұл – тынымсыз еңбектің, озық технология мен дұрыс аграрлық тәсілдің нәтижесі, – дейді «Хильниченко» командиттік серіктестігінің шаруашылық жетекшісі А.Хильниченко.

Жалпы, бұл өзгерістер – қант саласындағы саясаттың жаңа кезеңі. Тек егін көлемімен емес, өңдеу, сақтау, өңделген өнімді сату тізбегімен де үйлестірілген агросаясат қолға алынғанын аңғартады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары 510 мың гектардан астам алқапқа себілген. Қазіргі таңда шаруалар егіс науқанын сәтті өткізу үшін бар күшін салып жатыр. Жоспарға сай дәнді дақылдар 295,3 мың гектарға, майлы дақылдар 89,7 мың гектарға себіледі. Қант қызылшасының көлемі 12,2 мың гектарды құрайды. Бұдан бөлек, 6,8 мың гектар жерге картоп егіліп, 97,3 мың гектарға жемшөп дақылдары орналастырылған.

Айтпақшы, былтыр жетісулық шаруалар 13 мың гектарға тарта жерге қант қызылшасын еккен еді.

Өзгелердің жаңалығы