Өңірде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандус орнатылмаған мекемелер жиі кездеседі. Арбамен қатынайтын тұрғындар кедергіге тап болуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Талдықорған қаласының өзінде бірнеше нысанға пандус орнатылмаған. Осыған орай арнайы тексеріс жұмыстары жүріп ғимарат иелеріне заң аясында ескерту шаралары қабылданған еді. Әсіресе, жекеменшік нысандарда осындай жағдайлар жиі кездеседі. Алайда, Ақсу ауданының тұрғындары орталықтағы Халыққа қызмет көрсету орталығына пандус орнатылмағанына наразы.
Мекемеге мүмкіндігі шектеулі жандар жиі барады. Кіре алмай қиналамыз. Арбаны ішкі біреу, бізді біреу көтеріп кіргізуі қажет. Осы дүние ескерілмеген. Сосын мүмкіндігі шектеулі балаларға берілген бір реттік материалдық көмек осы санаттағы ересек жандарға да берілсе деген ұсынысын айтқым келеді. Оны да ойлаған абзал. Дүкендерге де кіре алмай, қажетті затты кісі жұмсап қиналамыз, - дейді мүгедектігі бар Гүлмира Оспанова.
Бүгінде осы мәселеге қарасты облыс әкімдігі тарапынан қала, аудан әкімі мен облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысына арнайы тапсырма берілді. Жауапты мамандар қала мен ауданның халық көп баратын мекемелері мен ұйымдарын аралап, талдау жасайтын болады.
Алдағы уақытта пандус салынбаған мемлекеттік мекемелер кездессе, бюджеттік тапсырыс дайындалады, ал жекеменшік иелері пандус орнатуға тиісті болады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың конституциялық құқығын қорғауға қалалық һәм аудандық прокуратура да қалға алмақ. Олар заң аясында әрекет ететін болады.
Бұл мәселе былтыр да қозғалған еді. Дегенмен, толық шешімін таппай келеді. Кейбір ескерту берілген нысандар сол күйі тапсырманы орындаған.