Күннің күрт ысуынан өңір аумағында 20 шаршы метрден 21 гектарға дейін жер отқа оранған. Соңғы үш күнде 31 жағдай тіркелген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Дала өртті дамыл табар емес. Өңірлік төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері ауа райының қатты ыстығынан шалғын шөптер мен орман аумақтары тез жанып жатқанын айтуда. Өрт қауіпті кезең басталғаннан бері 3 орман өрті және 29 дала жануы орын алған.
Түстеп өтсек, Кербұлақ ауданына қарасты «Алтын Емел» орман қорының аумағында, Алакөл ауданына қарасты Аралтөбе учаскесінде және Талапкер ауылының маңында өрт тұтанған. Одан бөлек дала жануы Талдықорған мен Текелі қалаларында және Қаратал, Алакөл, Панфилов, Сарқан, Ескелді аудандарында кездескен.
Былтыр осындай жағдайға тап болғанбыз. Қазір әріптестеріміз орман аумақтарын жіті қадағалауда ұстап отыр. Маусым айының 8-10 аралығында тек 3 тәулік ішінде 21 гектардың жалпы алаңында 31 жану болды. Айта кетейік, табиғи өрттерді ерте және уақтылы анықтау үшін «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ ғарыштық мониторингы, бейнебақылау, пилотсыз ұшу аппараты пайдаланылады. Бұл технологиялар экожүйеге келтірілген зиянды азайта отырып, өртті тез анықтауға және оған жауап беруге мүмкіндік береді,- дейді өңірлік ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Сергей Огай.
Бүгінде өрт қаупі мол деп саналған елді мекендерде 157 ерікті өртке қарсы құралым мен 46 өрт сөндіру бекеті құрылды. Олар тілсіз жаумен күресуге және уақтылы сөндіруге бағытталған.
Бүгінде 1469 өрт сөндіруші бар, 134 трактор және 90 көлік дайын тұр. Жанар-жағар май қоры 15 т дизель отыны, қосымша 16 т бензин әзірленген, - дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бөлімінің бас маманы Санат Төлепбеков.