Мерекелік іс-шара Жетісу облысын толық қамтыды. Оған 4 мыңға тарта өңір тұрғыны атсалысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шара наурызнама онкүндігінің “Ынтымақ” күнінде жүзеге асты. Көктемнің шырайлы мерекесі – Наурыз мейрамы биыл Талдықорғанда ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. Ұлыстың ұлы күнін ұлықтаған көш-керуен орталық алаңнан бастау алып, «Жастар» саябағына қарай бет алды. Мың жарымға жуық адам қатысқан бұл думан қазақы дәстүрдің қайта жаңғыруын айшықтады. Керуенге еңбек ардагерлері, мәдениет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, түрлі кәсіп иелері, жастар ұйымдары, спортшылар, құсбегілер мен итбегілер қатарласа қатысып, Наурыздың мерекелік рухын асқақтатты..
Биылғы Наурыз мерекесі ерекше жоғары деңгейде басталуда. Осындай ауқымды түрде ұйымдастырылғаны көңіл қуантады. Мерекелік алаңда түрлі ұлттық ойындар мен сайыстар өтіп, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қазақтың байырғы дәстүрін дәріптеген жылқы мен түйеге мінген жігіттердің шеруі нағыз көшпелілікті елестетіп, бізге жеткен қазақы салтымыздың сұлулығын суреттеді, дейді қала тұрғыны Жанар Сейілхан.
Салтанатты шеруді ұлттық музыкамен әрлеу дәстүрі де өз жалғасын тапты. Керуенді шығарып салған – Д. Рақышев атындағы филармонияның М.Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі болса, «Жастар» саябағында оларды «Жетісу сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблі жырмен қарсы алды. Бұл думанға жиналған көпшілік ұлттық саздың құдіретін сезініп, рухани байып қайтты.
Мұндай дәстүрлі шаралар облыстың барлық аудан-қалаларында кеңінен аталып өтті. Сарқан, Кербұлақ өңірлерінде көш-керуен қаланы аралап,халыққа мерекелік көңіл күй сыйлап, өнерпаздар өнерлерін паш етті.