Өңірде дәрігер тапшылығы әлі өзекті мәселенің бірі. Соның шешімін табу үшін биыл облыста резидентурада оқуға 20 мамандық бойынша 60 грант бөлінген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жетісу облысы құрылғалы медицина мамандарының жетіспеушілігі күн тәртібінде тұр. Қазір өңірде осы түйткілдің алдын алу үшін түрлі шаралар қолға алынуда. Соның бірі тапшы мамандарға облыс бюджетінен грант бөлу болып отыр. Әрине, бұл қанатқақты дүние кадр мәселесін толықтай шешпесе де, жетісулықтар үшін үлкен олжа болар еді.
Біз қажетті мамандарды үлкен қалаларда арнайы сұраныспен алдыртамыз деп айта алмаймын. Жаңадан оқу бітіріп келген жас мамандарға мүмкіндік береміз. Қазір жастар білімді, осында тәжірибе жинап, саланың ілгерлеуіне жәрдемдесіп жатыр. Жастарды пәтермен қамтамасыз ету үшін арнайы бағдарламалар да бар. Оның үстіне ауылдық жерлерде жұмыс істеуге бейіл жастарға мемлекет қаржы беруге дайын отыр. Баспанамен де қамтымақ. Осы берілген мүмкіндікті пайдалану қажет, - дейді Көксу аудандық ауруханасының директоры Жаннұр Сырымов.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, комиссия шешімімен грант мынадай мамандықтарға арнап алынған. Атап айтсақ, акушерлік және гинекология – 10, анестезиология және реанимация - 10, травматология - 3, неврология - 4, онкология - 5, фтизиатрия - 3, психиатрия - 2, нефрология - 2, клиникалық фармакология - 1, жұқпалы аурулар - 3, неонатология - 2, пульмонология - 1, эндокринология – 3, кардиология - 2, нейрохирургия - 1, урология - 2, жақ-бет хирургиясы - 1, ангиохирургия - 1, оториноларингология - 2, офтальмология - 2.
Алдағы уақытта медицина саласына қосымша тағы да гранттар бөлінуі мүмкін. Бұл маман тапшылығын шешуге арналған жобаның бірі.