Жетісуда күндіз бақша суғаруға тыйым салынды

2 Шілде 2024, 19:16
403
Бөлісу:
Жетісуда күндіз бақша суғаруға тыйым салынды
Фото: автордан

Облыс орталығында күннің ыстық болуына байланысты бау-бақшалар мен көше айналасындағы гүлдерді суғару уақыты түнге ауысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шіліңгір шілде айының ыстығы салдарынан мамандар осындай шешімге келген.

Қазір күннің температурасы жоғары көрсетіп тұрғандықтан ауыз суды пайдаланушылар саны бұрынғыдан екі есе көп. Осы ретте «Жетісу Су құбыры» ҚМКК тұрғындарға барынша ауыз суды үнемдеуді ескертіп отыр. Сол себепті есік алдына егілген көкөніс түрлері мен гүлдерді суару түнде жүзеге асқаны абзал. Бұл су тапшылығын біршама азайтады.

Қазір ауыз су мәселесі өңірде ғана емес, күллі әлемді алаңдатып отырған ауқымды мәселе. Біз осы ретте сумен жабдықтау желілері және ондағы қысым жеке учаскелер мен жасыл алаңдарды суаруға арналмағанын айтқымыз келеді. Түс уақытында бақша суаруға тыйым салынады. Бұл уақытта басқа тұрғындарға су жетпеу қалуы мүмкін. Барынша бір-бірімізге кесірімізді тигізбеуді ойлауымыз қажет. Түсінеміз, жер үйде тұратын дамдар есік алдына түрлі жеміс-жидектер егеді. Жаз бойы сонымен айналысады. Сондықтан шама бар түнгі 11-ден кейін суғарса игі еді, - дейді сала маманы Әнуар Теншікбаев.

Аталған тыйым-шарғы осыдан 9 жыл бұрын қабылданған ережеге сай енгізіліп отыр. Оған өңір аумағында 170-ке жуық елді мекен кіреді. Тұрғындар түнгі 23:00-ден бастап таң атқанға дейін усды пайдаланса болады. Қалған уақытта бау-бақша суғаруға болмайды. Бұл талапты бұзған адамдар айыппұл арқалайды.

Біз жаққа арықтан су келмейтіндіктен, амалсыз краннан келген суды бақшаға да пайдаланамыз. Қысым өте аз болады. Кейде таңда ерте тұрып суғарамыз. Көп жер емес қой. Жер үй болған соң бізге ермек. Түнде тұрып, суғаруға ерінеміз, - дейді қала тұрғыны Асылжан Тауқыметов.

Өзгелердің жаңалығы