Ақсу ауданына қарасты Қопа ауылында былтыр салынған көлік қатынайтын көпір опырылып түсті. Қираған көпірдің сапасы нашар болып шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қопа ауылында ортасынан ойылған көпірдің құрылысы былтыр ғана біткенімен, оның сапасы бір жылды еңсермей жатып сыр беруде. Тұрғындардың айтуынша, өңірде Кеңес одағы кезінен бері асфальт болмаған, болған күннің өзінде бұрын салынған көпірлер жаңаларына қарағанда әлдеқайда төзімді. Мұның бәрі жұмысты ұйымдастырушылар, сала мамандарының сапасыз жұмысы мен нашар материалдар әсерінен болуы мүмкін.

Жаңа көпір деп айтуға да келмейді. Қиыршық тас төсеп, екі рет жұмыс істемей-ақ, бірден сапалы етіп жасауға болмай ма? Көлік өткен сайын шайқалып тұрғандай. Ертең астымызда опырылып кетсе, кім жауап береді? Абырой болғанда, әзірге ондай жағдай болған жоқ, бірақ бұл уақытша ғана сияқты. Жаңадан салынған көпір осындай сапада болса, ескі көпірлерге қалай сенеміз? Жыл сайын көретініміз осы, су жолды бұзып кетеді. Әлде бұл көзбояушылық па? - дейді Ермек Сәрсенбай.
Тұрғындардың сұранысы бойынша бұл көпірді сала мамандары жіті назарда ұстап, арнайы тексеріс ұйымдастырып, құрылыс экспертизасын тағайындау керек. Құрылыс жұмыстары кезінде белгілі бір заңбұзушылықтар орын алса, оларды қатаң жазалау қажеттігін жеткізеді. Сондай-ақ мамандардың жұмысы нашар екенін айтты.
Облыстық маңызы бар жол Барлыбек Сырттанов ауылдық округіне қарасты Қопа ауылының кіре берісіндегі жолдың су өткізетін құбырын күннің күрт жылуы себепті қар суы көбейіп, су өткізетін құбырға сыймай, көпірді шайып кетті. Қазіргі уақытта су шайып кеткен су өткізетін құбырға құм төгіліп, уақытша көлік қатынайтын жол қалыпқа келтірілді, - дейді округ басшылығы.
Ақмарал Қайрат