Талдықорғанда кәсіпкер қыз-келіншектер саны 3000-нан асып жығылады. Оларды қолдау мақсатында Жетісуда түрлі бағдарламалар ұйымдастырылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі
Айлық табысы 2-3 млн құрайды
Кәсіпте ер не әйел деген түсінік жоқ. Мәселен, халқының саны 500 мыңнан асатын Жетісу облысында мыңдаған кәсіпкер келіншек бар. Тіпті арасында әлі тұрмыс құрмаған жас арулар да кездеседі. Олар мемлекеттің қолдауын тиімді пайдаланып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Негізі кәсіп түрлеріне киім, көрпе-жастық тігу, тұрмысқа қажетті бұйымдар жасау, кондитерлік өнімдер сату, арнайы нан жабатын цехтар, той көйлектерін тігу, егін шаруашылығы мен сүт өнімдерін сату жұмыстарын қыз-келіншектер шыр айналдырып отыр.
Мәселенки, Талдықорған әкімдігінің тарапынан әйелдердің ықпалын арттырып, олардың бастамаларын қолдау мақсатында түрлі бағдарламалар белең алуда. Соның бірі көпке мәлім – "Бизнес бастау" жобасы. Оның маңыздылығы сол, кәсіп бастауға ниетті әйел қауымына қайтарымсыз гранттар ұсынады. Одан бөлек кәсіпкерлік бойынша көптеген курстар өткізіп, бүгінде аталған жоба өз міндетін толықтай ақтап, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп отыр. Нақтырақ айтқанда, өткен жылы 200-ге жуық әйел курсты тәмамдаса, қайтарымсыз грантқа 30 әйел ие болған. Соның есебінде бүгінгі күні кәсіпке бет бұрған әйелдер саны 3500-ге таяды. Олардың алды өнімдерін тек облыс көлемінде ғана емес, республиканың түкпір-түкпіріне сатып отыр.
Мемлекеттік "Бизнес бастау" бағдарламасы кәсіпкерлікке алғашқы қадам жасаған көптеген әйел үшін үлкен қолдау болды. Бұрын бизнес бастау тәуекелді әрі белгісіз сала болып көрінсе, қазір арнайы оқыту курстары мен қаржылық көмектің арқасында өз ісімізді сенімді түрде дамытып жатырмыз. Бұл бағдарламалар арқылы біз кәсіп жүргізудің негіздерін меңгеріп, ісімізді жүйелі түрде жоспарлауды, нарықты зерттеуді және қаржыны дұрыс басқаруды үйрендік. Сонымен қатар, ұсынылған жеңілдетілген несиелер мен гранттар кәсібімізді бастауға және кеңейтуге үлкен серпін берді. Қазір өз кәсібімізді дамытып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, қоғам мен экономикаға пайда тигізіп отырмыз. Кәсіпкерлік – тек табыс көзі ғана емес, сонымен қатар өзін-өзі дамыту мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашу. Осындай бағдарламалардың арқасында көптеген әйел өз армандарын жүзеге асырып, қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізіп келеді. Алдағы уақытта мұндай қолдау шаралары кеңейіп, кәсіпкер әйелдердің әлеуетін одан әрі арттыра түсетініне сенемін, - дейді кәсіпкер Айжан Дүйсенбаева.
Әкімдік тарапынан көрсетілген қолдаулардың нәтижесінде өткен жылы 1200-ге жуық әйел жұмысқа орналасты. Ал аталған курстардан сәтті өтіп, өз ісін қолға алып, жаңа салада еңбек жолдарын бастаған әйелдер саны 300-ден асады. Қазір өңірдегі мыңдаған келіншек жеке кәсібін дамытып, мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың орташа жалақысы 120-150 мың көлемінде. Заңды түрде мемлекетке салық төлей отырып, қызметін ілгерілетіп отыр.
Талдықорғанда жүз мыңға жуық нәзік жанды аруларымыз тұрады. Бұл дегеніміз – қаламыздың 50%-ын құрайды деген сөз. Олар денсаулық сақтау, білім, өндіріс, экономика саласында еңбек етеді. Сонымен қатар 50-ден астам әйел басшылық қызмет атқарады. Бүгінде жүздеген келіншек бизнес бастау курстарына қатысып, білімін шыңдады. Кезекте тұрған қаншама аруымыз бар. Оларға мемлекет тарапынан түрлі қолдау жасалып жатыр. Біз өз тарапымыздан кәсіп бастауға бейіл нәзік жанды аруларға мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі мен тәртібін түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бизнестегі кедергілердің алдын алу шараларын да қамтимыз. Қандай салада бақ сынауға болатынын нақты көрсетеміз. Курстан өткен қыз-келеншектердің көбі кәсібін дамытып, өздері секілді өзге де аруларға жұмыс ұсынып отыр, - дейді қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мәди Шакенов
Алдағы уақытта Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында өз кәсібін дөңгелетуді көздейтін әйелдерге енді тағы біршама мүмкіндік ұсынылатын болады. Жалпылама қарастырғанда, өңірде 80 мыңға таяу әйел тұрады. Олардың әрқайсысы сан түрлі мамандық шеңберінде қызмет атқарады. Өз күштерімен қолдарынан келгенше нан тауып отыр. Белгілі бір салада аянбай еңбек етіп, енді жемісін жеп, басшылық қызметке ауысқандардың да, зейнеткерлікке шыққандардың да легі уақыт санап артып келеді. Атап айтқанда, аймақтағы 50-ден астам әйелдер басшылық лауазымына тағайындалып, білім, кәсіпкерлік, мемлекеттік басқару, өндіріс, сондай-ақ денсаулық сақтау салаларында өз қызметтерін жалғастыруда.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Көпбалалы ана ретінде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен көмектердің өмірімізге үлкен өзгеріс әкелгенін атап өткім келеді. Бұрын өз кәсібімді бастау туралы тек ойласам, бүгінде ол жүзеге асып, отбасымыздың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік туды. Кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар, қайтарымсыз гранттар мен арнайы оқыту курстары көптеген аналарға өз ісін бастауға жол ашты. Бұл қолдаудың арқасында біз тек үй шаруасымен шектелмей, қоғамға өз үлесімізді қоса алатынымызға көз жеткіздік. Мемлекеттің жан-жақты көмегі бізге сенім беріп, жаңа белестерді бағындыруға күш сыйлады. Осындай қолдаудың арқасында өз ісімді дамытып, өзім сияқты аналарды жігерлендіргім келеді. Бізге берілген мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, алға ұмтылсақ, кез келген қиындықты еңсеруге болады. Осы қолдау үшін мемлекетке алғысымыз шексіз, - дейді "Дәмді" кондитерлік желісінің иесі Маржан Жұмашева.
Оның айтуынша, айлық табысы 2-3 млн теңгені құрайды. Қарамағында 3-4 қызметкері бар. Өзі де солармен қатар қызмет көрсетіп, тұтынушылардың талабына сай жұмыс істеп отыр.
Кәсіпке жақын аруларға мүмкіндік көп
Өңірдегі аналар қауымына да әлеуметтік көмек тыйылған емес. Үй кезегінде тұрған көпбалалы аналарға барынша жылдам баспана беру мәселесі күн тәртібінде тұр. Мереке сайын кем деген де 20-30 көпбалалы ана қоныс тойын тойлайды. Бұдан бөлек, мемлекеттік әлеуметтік көмек шеңберінде бір жастан алты жасқа дейінгі 1364 балаға 1,5 айлық есептік көрсеткіш (5898 теңге) мөлшерінде жалпы 15,8 миллион теңге көлемінде қосымша төлем жүргізілді. Бұл қаржылай көмек балалардың негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз етуге, олардың денсаулығы мен дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Мемлекет тарапынан көрсетілетін мұндай қолдау аз қамтылған және әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл бастама әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету және баланың әл-ауқатын арттыру мақсатында жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар аналар қауымы үшін тиімі болып отыр.
Әр ата-ана баласы жақсы өмір сүргенін қалайды. Мемлекетке қол созып отырудың да себебі бар. Мәселен, біз ерлермен жағаласып жұмыс істейтін болсақ, үйдегі бала-шағаға кім қарайды. Менін 5 балам бар, алды 4-ші сыныпта оқиды. Өзіңіз ойланып көріңіз, олардың 3 мезгіл тамағы бар, мектепке жіберу керек. Жолдасым кешке дейін жұмыста, тапқан табасы осы балалардың ішіп-жемінен артылмайды. Сондықтан әлеуметтік көмекке жүгінеміз. Үй алдық, оған да шүкір. Енді "Бизнес бастау" бойынша курсты оқып шықтым. Үйде отырып-ақ түрлі бұйымдар сатуға болады екен. Қазір Каспи қосымша арқылы да табыс табудың жолын іздестіріп жатырмын. Отбасында жолдасым жұмыс істегендіктен, жалғыз адамға қиын. Соған көмек болайын деп тырысып жатырмын, - дейді көпбалалы ана Мариям Көпжасарова.
"Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі атынан түрлі әлеуметтік көмек түрлері қарастырылған. Атап айтқанда, әлеуметтік тұрмыстық, экономикалық, психологиялық және педагогикалық көмек көрсету мақсатында түрлі қызметтер ұсынылады. Оларға медициналық, құқықтық, мәдени және басқа да әлеуметтік қолдау шаралары кіреді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін коммуналдық мемлекеттік мекеме 55 адамға арналған уақытша баспанамен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 35 әйел және 20 бала бар. Мұнда қызмет алушыларға жатын орын, қажетті гигиеналық заттар, азық-түлік және басқа да тұрмысқа қажетті ресурстар беріледі. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтарды қауіпсіз жерге орналастырып, олардың физикалық және психологиялық жағдайын тұрақтандыру болып табылады. Сонымен қатар, мамандар олардың өмірін қайта қалыпқа келтіруге, жаңа ортаға бейімделуге және болашақта өз бетінше өмір сүруіне көмек көрсетеді.
Айта кетейік, Жастар орталығында көпбалалы және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарға арналған «Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және онымен күресу» тақырыбында профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып тұрады. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оның салдарын азайту жолдарын түсіндіру болып табылады. Мәселен сол кездесулер барысында мамандар қатысушыларға құқықтық қорғау тетіктері, әлеуметтік және психологиялық көмек алу мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат береді. Сонымен қатар, әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар, дағдарыс орталықтарының қызметтері, жедел көмек көрсету нүктелері және заң аясында қандай іс-әрекеттер жасауға болатыны талқыланды. Мамандар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайда қандай қадамдар жасау керектігін түсіндіріп, нақты мысалдар келтірді. Шара барысында аналар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өзара тәжірибе алмасады
Қазір әйел затына тұрмыстық қоқаң-лоққы көрсететіндер көп. Мәселен, облыс орталығындағы Жанұя мекемесін көптеген ана паналайды. Мұндай орталықтар аудан-аудандарда да салынып жатыр. Мұның өзі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың үдеп бара жатқанын аңғартады. Баласын қуып жіберген ата-аналар да бар. Олардың бәрін саралап алып қарасаңыз, отбасылық кикілжіңдердің көбі әлеуметтік мәселелерге тіреледі. Табыс көзінің жоқтығы, қоғамдағы түрлі қыспақтар, отбасындағы берекенің болмауы, екі тараптың келісе алмауы секілді мәселер көп. Сондықтан бір жқты пікір білдіру қиын. Қазір әйел қауымына мүмкіндік көп. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды пайдаланып, кәсіп бастауға болады. Жеңілдіктер де бар, - дейді зейнеткер Айжарқын Толамисова.
Бүгінде мамандар зорлық-зомбылықтың психологиялық әсері, оны болдырмаудың тиімді жолдары және қоғамда әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін түрлі шаралар қабылданып жатқанын айтады. Бұл бастама әйелдер мен балалардың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, қоғамдағы өз рөлін табуға жол ашады. Қоғамда зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәдениетін қалыптастыруға және отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған іс-шаралар да жиі өтіп тұрады. Осындай іс-шаралар арқылы көпбалалы және ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналарға жан-жақты қолдау көрсетіліп, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға ерекше назар аударылады.
Айта кетейік, жалпы облыс орталығында ресми есеп бойынша 5205 көпбалалы ана тіркелген. Нақтылап айтсақ, оның ішінде 4 және 5 баласы бар – 4896 көпбалалы ана бар. "Батыр ана" атағын алған – 82, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған – 69, "Алтын алқа" алқасымен наградталған – 46, "Күміс алқа" алқасымен наградталған – 81. Бұлардың бәріне мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.