Жетісудағы орталықтардың бірінде диагнозы әртүрлі науқастар бір жоспар бойынша емделген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жетісу бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өкілі облыстың жергілікті өзін-өзі басқару органдарының бірінде ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтарының бұзылуын анықтады.
Аймақтағы өкіл мониторингтік сапар аясында Алакөл «Шуақ» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында болды.
Бұл мекемеде физиологиялық ерекшеліктеріне, психикалық кемістіктеріне және басқа да жағдайларға байланысты құқықтарын өз бетінше қорғай алмайтын ерекше қажеттіліктері бар адамдар орналасады.
Омбудсмен өкілінің баруы кезінде бұзушылықтар анықталды, оның ішінде барлық науқастар үшін бірдей емдеу жоспары әзірленгені белгілі болды. Ал бұл орталықта әртүрлі дертке шалдыққан адамдар бар. Демек, барлығына бірдей ем-дом жасалған. Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасарларына ұсыныстар жолданды, - делінген хабарламада.
Нәтижесінде бір қызметкер сөгіс алды, екіншісі – медициналық-әлеуметтік мекеменің заңгері басқа елді мекенде тұруына және жұмыс орнында тұрақты бола алмауына байланысты жұмыстан босатылды.
Сондай-ақ науқастарды емдеу бойынша жеке жоспарлы жұмыстарды формалды және біркелкі әзірлеу фактілері жойылып, басқа да заң бұзушылықтарды жою шаралары қабылданды.