Жетісуда білім деңгейі мәз емес. Былтыр да осындай көрсеткіш көрсеткен еді. Ал оқу бітірген түлектердің орташа балы 80-нен асады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кадр тапшылығы әлі де сезіледі
Өңірде білім деңгейі төмен екені бұрындары да айтылған, дегенмен облыстық білім басқармасы бірнеше жаңа жобалардан нәтиже күтіп отыр. Бұған дейін кадр тапшылығы да қатты сезілген еді. Биыл біршама азайған. Қазір ескі мектептерді қайта жаңғыртып, жаңа білім ордаларының есігі ашылуда. Биылдың өзінде ондаған білім шаңырағы ірге қалады. Келер жылы тағы да 12 мектеп салынады.
Былтырғы оқу жылын 128906 оқушы аяқтаған, ал жаңа 2024-2025 оқу жылында оқушылар контингенті 129 мыңнан асады. Оның ішінде 13 мыңнан аса білім алушылар 1-сыныпқа барған. 7 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған бөлінген қаржының көлемі – 6,5 млрд теңге. Мәселен, 4 нысан мектеп есігін ашты. Түстеп көтсетсек, Жаркент жерінде Головацкий ОМ мен Ә.Кастеев ОМ оқушыларды қабылдады. Одан кейін Ескелді ауданына қарасты Шымыр ауылындағы Маметова ОМ мен Қоңыр ауылындағы Қоңыр ОМ бүгінде жұмыс істеп жатыр, - дейді басқарма басшысы М.Сүлейменов.
Биыл 17 мектепті ағымдағы жөндеуге 758,0 млн теңге қарастырылған. Бүгінде барлығы дерлік толықтай жұмысын аяқтап, оқушыларды оқытып отыр. Бүгінде қосымша 5 білім беру нысанының құрылысы жүріп жатыр. Ең бастысы сол нысандардың екеуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынады. Желтоқсан айында 4 мектеп пайдалануға беріле деп күтіліп отыр. Жергілікті бюджет есебінен іргесі қаланып жатқан Көксу ауданына қарасты Қаратал ОМ ме, Ақсу ауданына қарасты Көшкентал ауылындағы ОМ жалпы алғанда 3 437,4 млрд.теңге жұмсалады. Одан бөлек «Жайлы мектеп» салынатын Панфилов ауданына қарасты Жаркент қаласына 7 559,4 млрд теңге және Алакөл ауданындағы Достық ауылына 4 877,5 млрд теңге бөлінген. Мектепдердің бірі келер жылы ашылады деп жоспарланып отыр. Бұл Панфилов ауданындағы Лесновка ауылындағы ОМ. Оған шамамен 2 864,7 млрд теңге бөлінген.
Кадр тапшылы әлі де өзекті. Мәселен кейбір ауылдарда химия, алгебра, геометрия, физика секілді пәндерден беретін мұғалім жоқ. Сондықтан оны көрші ауылдардан сұраныспен, өзара келісіммен сұратып алады. Артық сағат үшін көбірек ақша алғанымен, мұғалім үшін ары-бері қатынау оңай емес. Кейбірінің өз отбасы бар. Олардың бәрін ескерген жөн. Оқушысы аз білім ордаларына барып істеуге ешкімнің құлқы болмайды. Өйткені жер шалғай, орталықта өте алыс. Алдымен маман үй мәселесін шешіп алуы қажет. Қазір жастар барғысы келмейді. Артық қаржы бөлсең де немқұрайлы қарайды, - дейді Қоңыр ауылының тұрғыны Жаныл Әпекенова.
100 мектепке аттестаттау жүргізілді
2024 жылдың ІІ жартыжылдығына 100 білім ордасы мемлекеттік аттестаттау жүргізу жоспарланған. Мектепке дейінгі білім беру бойынша, балабақшаларда 2516 балаға жаңа орын ашылу көзделген. Оның ішінде тамыз айына дейін 549 орын ашылса, қыркүйекке дейін мемлекеттік балабақшаларда 475 жаңа орын, жекеменшік балабақшаларда 15 жаңа орын ашылады деп кұтілген. Бұл мәлімет әлі де жаңаруы мүмкін. Жыл соңына дейін 1487 орын ңске қосылады. Сонымен қатар, 3 балабақшада ағымдағы жөндеу, 2 балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, Талдықорған қ. №1 балабақшасы мен Ескелді ауданы қарасты Байысов ауылындағы балабақшасы жаңаруда.
2024-2025 жылыту маусымына облыстық бюджеттен 8 млн 263,7 мың литр дизель отынын сатып алуға 3 млрд 636 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы 254 нысан үшін қарастырылған. Барлық объектілер бойынша қорытынды шығарылып, келісім-шарт жасалды. Тасымалдау 31.08.2024 ж. Дейін жалғасады. 4 млн 959 мың 507 литр сұйық отын жеткізілдіү Бұл шамамен 60%. Ақсу ауданы - 1220848 литр (84,5%); Алакөл ауданы – 1200000 литр (82,5%); Ескелді ауданы – 297815 литр (100%); Қаратал ауданы – 332948 литр (61,5%); Кербұлақ ауданы – 249687 литр (22,7%); Көксу ауданы – 325047 литр (57,8%); Панфилов ауданы – 904973 литр (61,2%); Сарқан ауданы – 346189 литр (37,9%); Талдықорған қаласы – 37000 литр (44,2%); Облыстық мекемелер – 45000 литр (12%) қарастырылды,- дейді М.Сүлейменов.
Оның айтуынша, 7453 тонна қатты отын сатып алуға 189,325 млн теңге бөлінген. Бұл 51 объектіне қамтиды. Барлық объектілер бойынша сатып алу өткізілген. Тасымалдау уақыты 1.10.2024 ж. Дейін іске асады. 2627 тонна қатты отын жеткізілді. 4173 тонна түйіршікті отын сатып алуға бюджеттен 28 нысан үшін 308 млн. 468 мың теңге бөлінді. Барлық объектілер бойынша сатып алу өткізіліп, келісім-шарт жасалған. 217 тонна отын жеткізілді. Сонымен қатар, 10 қазандық (7 мектеп, 1 балабақша, 1 колледж) ауыстырылған. 6 объектіде күрделі жөндеу жүргізіліп, жылу жүйелері мен қазандықтары жаңарған. 4 объектіде жылыту жүйелерін ағымдағы жөндеу жүргізілді.
Газбен жылытуға қосылуға 12 нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы «ЖетісуГазСервис» кәсіпорынына 2024 жылы газға қосылу бойынша жұмыстарды жүргізу үшін берілді. Сомасы 647,9 млн.теңге. Атап айтсақ, Көксу станциясы Мұқаншы ОМ, Мұқаншы ауылындағы Мұқаншы БМ, З. Тамшыбай ауылындағы З. Тамшыбай ОМ, Жамбыл ауылындағы Жамбыл ОМ, Мәмбет ауылындағы мектеп жанындағы интернаты бар Егімбаева атындағы ОМ, Көксу ауданы Мамбет а. Ертөстік балабақшасы, Талдықорған қ. № 11, №22 ОМ, №12 балабақша, №13 балабақша, Жаркент қ. педагогикалық колледжі, Жаркент қ. көпсалалы колледжі. Қосылу жұмыстары 2024 жылдың маусым-қазан айлары аралығында жоспарланған», дейді басқарма басшысы.
Қазіргі кезде «ЖетісуГазСервис» кәсіпорынымен конкурстық рәсімдер аяқталған. Мердігер мекемелер анықталып, жұмыстар жүргізіліп жатыр.
12 мектептің санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы жоқ
Биылғы оқу жылында пайдалануға ұсынылған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің тізбесі бойынша баспалармен 94 келісім-шарт жасалған. 2024 жылы оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуға жергілікті бюджеттен 1,6 млрд теңге қаражат бөлінген. Оқулықтарды жеткізу бойынша көлік компанияларымен 10 келісім-шарт жасалды. Бүгінгі күні тасымалдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жетісу облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Алишер Башаров облыстағы 12 мектептің санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы әлі шықпағанын айтады.
Облыс бойынша 72 мектепте заманауи оқу кабинеттері ашылды. Олар: физика, химия, биология, робототехника, STEM және басқа оқу кабинеттері. 2024 Жылдың соңына дейін 656 кабинет ашылады. Өткен 2023-2024 оқу жылында заманауи оқу кабинеттерінің ашылуы 62% пайыз болса, 2024-2025 оқу жылының соңына дейін 87% болады. 2023-2024 оқу жылында 39 мектепте санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды болмаған, бүгінгі күні қорытындысы жоқ 12 мектеп қалды. Барлық білім беру ұйымдары 100% қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етілген, - дейді А.Башаров.
Оның айтуынша, оқулық сатып алу бойынша жергілікті атқарушы орган мен баспалар арасында келісімшарт жасалып, тасымалдау жұмыстары жүргізілуде. Департамент тарапынан тамыз айының 15-нен бастап 2024-2025 оқу жылында білім алушылардың уақтылы оқулықтармен қамтамасыз етілуі бойынша күнделікті мониторинг жүргізіледі.
Жалпы, материалдық-техникалық базаны жаңартуға 2,9 млрд. теңге бөлінген. Өткен оқу жылында 45 жаңа модификациялы кабинет алса, биыл 78 пән кабинетін алу жоспарланып, оның 51-і алынған. Кітапханаларды жаңғырту мақсатында 67,2 млн теңге бөлініп, 58 мектеп кітапханасы жаңғыртылған. Спортзалдар мен асханаларды жабдықтауға бюджет қаражатынан 69 млн теңге бөлініп, игерілген. Күрделі жөндеу жүргізілген 5 білім беру нысанының материалдық техникалық базасын нығайтуға 233 млн теңге бөлініп, жабдықтар жеткізілуде екен. Кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында жаңа мамандықтар ашу мақсатында 450 млн теңгеге кабинеттер мен оқулықтар, мамандыққа қажетті техникалар алынған.
Білім беру ұйымдарында оқушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 316 мектеп, 91 мемлекеттік балабақша және 21 колледж толық бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілген. 2024 жылы бейнебақылау камераларын жаңартуға 163,1 млн. теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 428 мемлекеттік білім беру ұйымдарының бейнебақылау камералары жедел басқару орталығына 98% қосылған. Облыс бойынша барлық 428 білім беру ұйымдарында «Дабыл түймелері» орнатылып, жергілікті полиция басқармаларының кезекші бөліміне қосылды. 277 білім беру ұйымдарында 415 турникет орнатылған, бұл мақсатқа 2024 жылы 213,4 млн. теңге бөлінді. Облыс бойынша 194 білім беру ұйымы мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етілген, мамандандырылған күзетпен қамтамасыз ету үшін 442,1 млн. теңге бөлінді. 44 мекемеде100 адамға дейін қызмет көрсетеді, - дейді басқарма басшысы Марат Сүлейменов.
Тамақтануы 500 теңгеден 600 теңгеге көтерілді
Былтыр асханасы жоқ мектептерді ыстық тамақпен қамту мәселеі біраз тығырыққа тіреген еді. Биыл бұл мәселені алдын алу жұмыстары үшін тегін ыстық тамақпен қамтуға 6,9 млрд. теңге бөліндген. Өткен оқу жылында 1-4 сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен толық қамтылды. Өткен 2023-2024 оқу жылында 1-4 сыныптардағы 51936 оқушы және жекелеген санаттағы аз қамтылған отбасылардан шыққан 13928 (5-11 сыныптар) оқушы тегін ыстық тамақ берілген. 1 қаңтарынан бастап оқушылардың тамақтануы 500 теңгеден 600 теңгеге көтерілді.
Қазір азық-түліктің бағасы өсіп жатыр. Сондықтан амалсыз қаржыны көбейтуді сұрадық. Бізге ата-аналардың тамақ көлеміне балалардың тоймай қалатыны жайлы айтылған арыз-шағым түскеніне байланысты осындай шешім қабылдадық. Одан бөлек мектеп асханасында жалғыз адам жұмыс істемейді, бірнеше аспаз бар. Олардың бәріне жалақы төлеу керек. Сол себепті біз келесімшарттағы сомманы сәл де болса көтеруді сұрадық, дейді жеке кәсіпкер Айнұр Түйебаева.
Бүгінде облыс бойынша 316 мектептің ішінде 277 ыстық тамақ, 16 буфеттік тамақтандыру, 23 тамақтандыру тасымалдау арқылы ұйымдастырылады. Осы ретте 48 мектептің асханаларын жаңғырту мақсатында жергілікті бюджеттен 77,4 млн теңге қаражат бөлінген. Одан бөлек «Оқу материалдарына лезде қол жеткізуді, мектеп ғимаратына кіруді қамтамасыз ететін және тамақтану үшін төлем құралы болып табылатын оқушыларға арналған сәйкестендіру карточкалары жүйесін іске қосу» жүйесіне қосылуға 69 мектептің тізімі ұсынылдған. Бөлінген қаражат 195 млн теңге. Бүгінде мектептерге аппараттық-бағдарламалық кешенді орнату жұмыстары басталды.
Ыстық тамақ мәселесін толықтай шештік. Оған қоса облыста 79 елді мекеннен 1 849 оқушы тасымалданады. Сол үшін жергілікті бюджет есебінен 490,0 млн теңгеге 14 автокөлік (3 газель, 11 автобус) сатып алынып, аудандарға берілді. Сонымен қатар, жалпыға білім беру қорынан 24 500 әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының балаларына мектеп формасы мен кеңсе тауарларын алуға 1 млрд 62 млн. теңге бөлініп, аталған қаражат ата-аналарының жеке есеп шотын толық аударылды, - дейді М.Сүлейменов.
Айта кетейік, өңірде «Мектепке жол» акциясы жалғасуда. Бүгінгі күні 3 460 балаға 79 млн. 838 мың 982 теңге қайырымдылық көмек көрсетілген.
Интернет бар, бірақ баяу...
Жалпы өңірдегі 316 мектебі интернет желісіне толық қосылған. Білім беру ұйымдарындағы интернет жылдамдығының көрсеткіштері: 284 білім ордасы – 50 Мбит/сек-тен 150 Мбит/сек-ке дейін, 32 білім ордасы – 20 Мбит/сек-тан 40 Мбит/сек-ке дейін жылдамдықта интернетке кіре алады. СпейсИкс компаниясының жобасы негізінде облыстың 55 мектебі жоғары жылдамдықты интернетке Starlink технологиясы арқылы қосылған. Осы үшін 70 млн-ға тарта қаржы жұмсалған.
Бүгінде интернет кез келген мектепте бар. Бірақ мәселе оның жылдамдығында. Алыстағы ауылдар күнделікке бал қою үшін сағаттап отырады. Бұл мәселені облыс әкіміне де айтқанбыз. Тіпті хат та жолдадық. Дегенмен толық шешемін таппады. Мәселен бір мектепте 30 мұғалім қызмет етсе, түнімен компьютер алдында отырады. Себебі, оқушыларды бағаламаса сөгіс алуы мүмкін. Сол үшін жан аямай интернетті күзетіп отырады. Кейбір мектептер арнайы құрылғылар қойып, жылдамдығын арттырғанымен көп ұзамай баяғы қалпына келеді, - дейді Алакөл ауданының тұрғыны Зейін Ерғалиев.
Айта кетейік, бүгінде кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарына 2024 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша 4250 адамды қабылдау жоспарланған. Мұны 2023 жылмен салыстырғанда 220 адамға ұлғайған. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша қабылданатын 4250 талапкердің ішінде 1300 орын республикалық бюджет есебінен, 2950 орын жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. 500 орын кәсіпорындардың тапсырысы негізінде кадрларды нысаналы даярлау көзделген.
2023-2024 оқу жылында облыс бойынша 55 мектепте интернет желісінің жылдамдығы талапқа сәйкес емес болған. Оның ішінде 29 мектепте интернет желісінің жылдамдығы 20 Мбит/с-ден кем. Бүгінгі күні барлық 55 мектеп Starlink технологиясы бойынша интернетке қосылған. Интернет желісінің жылдамдығы 100 Мбит/с-ден 150 Мбит/с-ге дейін жетті. Мемлекеттік аттестаттау барысында педагогтердің тиісті бейіндері бойынша мерзімінде курстан өтпеу фактілері жиі кездеседі. Осы мәселе бойынша Департамент тарапынан білім басқармасына хат жолданып тұрады. 2024 жылы - 3397 педагогті біліктілікті арттыру курстарына қамту жоспарланған, - дейді департамент басшысы Алишер Башаров.
Биыл мектеп бітірген түлектерге жергілікті бюджет есебінен бөлінген 100 оқу гранттарын беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған грант өңірге қажетті педагогикалық, медициналық, ауылшаруашылық, ветеринария, теолог және ақпараттық технологиялар білім беру бағдарламасы мамандықтарына беріледі.
Осы тұста айта кетейік, былтыр облыс бойынша білім сапасы - 64,1% құраған, биыл 64,5%-ға жеткен. Өткен оқу жылымен салыстырғанда 0,4% – ға өскен екен.