Жетісу облысының прокуратурасы бюджет қаражатын жымқыруды анықтауын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәселен, Жетісу облысы Кербұлақ ауданының білім бөлімінің есепшісі мұғалімдерге жалақы мен демалыс ақысын жоғарылатып заңсыз төлеу арқылы, сондай-ақ бұл ұйымда мүлдем жұмыс істемейтін адамдарға 34 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді, - делінген хабарламада.
Екінші бір жағдайда Сарқан ауданының әкімдігі туристік орындардағы орнатылмаған санитарлық-гигиеналық тораптар үшін 29 миллион теңгеден астам ақша төлеген.
Осы фактілер бойынша Жетісу облысы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы (ерекше ірі көлемдегі жымқыру ) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Бұл баптың санкциясында белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.