Жетісу облысында Панфилов аудандық соты баласын азаптаған 28 жастағы азаматша Б.-ны қылмыстық жауапкершіліктен босатып, психиатриялық стационарда мәжбүрлі емдеу тағайындады. Зақым шеккен бала арнайы балалар үйіне орналастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Белгілі болғандай, Жетісу облысының Панфилов аудандық соты азаматша Б.-ға қатысты қылмыстық іс қарады. Оны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 110-бабының 2-бөлімі 1-тармағы бойынша («кәмелетке толмағанды азаптау») айыптады.
2026 жылғы 18 қаңтарда шамамен сағат 16:00-де Р. есімді кәмелетке толмаған бала ваннадағы суды ашық қалдырған. Нәтижесінде ванна бөлмесі суға толып кеткен. Баланың анасы Б., баласын жылыту радиаторына байлап, денесінің әртүрлі бөліктеріне бірнеше соққы берген, - деп мәлімдеді Панфилов аудандық соты.
Құқыққа қайшы әрекет видеожазбада тіркелген. Баланың әкесі үйге келгенде ұлын ауруханаға жеткізген, онда баланың бетіндегі және арқасындағы көгерген жарақаттары анықталған.
Сот іс материалдарына, куәгерлердің көрсетулері, заттық дәлелдер, видеожазба, амбулаториялық сот-психиатриялық сараптама қорытындылары негіз болды.
Соттың құқықтық бағасы
Амбулаториялық психиатриялық сараптамаға сәйкес, Б. туғаннан ақыл-есі кем болып (жеңіл дәрежелі ақыл-ой кемістігі және мінез-құлық бұзылыстары бар), тұрақты күтім мен емдеуді қажет етеді.
Сараптама барысында Б.-ның әрекет жасаған кезде өзінің әрекетінің қоғамдық қауіптілігін түсіне алмағаны және оларды басқаруға қабілеті болмағаны анықталды. Оның психикалық жағдайына байланысты сот процесіне қатысуы мүмкін емес және өзіне де, айналасына да қауіп төндіреді деп танылды, - деп хабарлады Жетісу облысында Панфилов аудандық соты.
Сот шешімі
Осыны ескеріп, сот Б.-ны қылмыстық жауапкершіліктен босатып, оған медициналық сипаттағы мәжбүрлі шараларды қолдану туралы шешім қабылдады: жалпы психиатриялық стационарда мәжбүрлі емдеу.
Зақым шеккен бала және басқа балалар Жетісу облысы денсаулық сақтау басқармасына бағынышты арнайы балалар үйіне орналастырылды, - делінген ресми хабарламада.
Соттың шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Жаркентте 28 жастағы анасы өз баласын аяусыз соққыға жыққанын хабарлаған болатынбыз. Аталған оқиға әлеуметтік желіде тез тарап, резонанс тудырды.
Жетісу облысының Полиция департаменті кішкентай баласын соққылап, тепкілеп, қолынан тартып, бұрап, аяусыз ұрып-соққан ана қамалғанын хабарлады.
Сондай-ақ Панфилов аудандық әкімдігінде жас әйелді ана құқығынан айыру мәселесі қаралып жатқаны хабарланды.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева осы факті бойынша пікір білдірді.