Биыл облыс аумағында есірткінің заңсыз айналымы турасында 65 құқық бұзушылық анықталған. Бұл соңғы 4-5 айдағы көрсеткіш, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Есірткі кәсібі кең етек жайған
Өкінішке қарай, есірткі бизнесі табыс көзіне айналды. Былтыр осы бағытта 77 құқық бұзушылық орын алған еді . Оның 66 есірткі қылмысы тікелей қатысты. Жалпы жекелей атап өтсек, осы жылы есірткі өткізу, сату бойынша 19 факт кездескен, былтырмен салыстырғанда өсім 11,8 пайыз құрайды. Ал аса ірі мөлшерде есірткі сақтау бойынша 8 факт тіркелген. Есірткі заттарын заңсыз насихаттау 1 факт анықталып отыр. Сонымен қатар, 37 есірткі теріс қылықтары белгілі болды. Соның ішінде 4 факт ҚК 296-бабы 1-бөлігі бойынша қоғамдық орындарда есірткі құралдарын медициналық емес тұтыну болса, 26 факт ҚК 296-бабы 2-бөлігі бойынша есірткі сақтау болып табылады. 7 факт ҚК 296-бабы 3-бөлігі бойынша есірткіні ірі мөлшерде сақтау екен.
Көрсетілген кезең ішінде заңсыз айналымнан 34 кг 604,23 грамм түрлі есірткі заттары алынды, яғни биыл былтырғы жылға қарағанда 5кг 400 грамм есірткі артық тәркіленді көп. 2023 жылы 29 кг 167 гр болған. Бұл дегеніміз есірткіге қарсы жұмыс қарқынды жүргізіліп жатқандығын көрсетеді. Алынған 34 кг. әр түрлі есірткі заттары, олар: «синтетика» - 50 кг аса, «марихуана» - 28 кг 605 гр. өсім 26,2 пайызды құрады. «гашиш» - 200 гр. Биыл жыл басынан есірткіні заңсыз таратқаны үшін 12 азамат ұсталды, арасында 2 жас қыздар, сонымен қатар 4 «есірткі жасырушы» бар,- дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мадияр Омаров
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 2 нарколаборатория анықтап, оны толықтай жойған. Біріншісі – Текелі қаласына қарасы Веселая поляна көшесі, №44 үй. Сол тұрғылықты мекенжай аумағында есірткі зертханасының орналасқан жері анықталған. Оңтүстік-Қазақстан облысының тұрғындары кенді шаһарға келіп синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан екен.
Ұсталғандар «Telegram» қосымшасынан сілтеме тауып, сол арқылы хат жазысып жүргенін жекізген. Олар тұтынушыдан 1 кг дайын өнім үшін мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы сұраған. Сол үшін «мефедрон» есірткі затын дайындау және сату жөнінде нұсқама алғанын жеткізді. Бастапқыда «Marshall» атты администратормен, ал кейіннен «Pilot» және «Ganzales» кураторларымен хат алмасқан екен.
Аталған кураторлардың бағыт-бағдары бойынша ұсталған қылмыскерлер Текелі қаласына келіп, «OLX» хабарландыруы бойынша, жоғарыда көрсетілген мекенжайдағы үйді жалға алған.Осыдан кейін кураторлардың нұсқаулары бойынша есірткі дайындау үшін, олардан прекурсорлары бар канистрлердің орналасқан жері туралы геодеректерді алып, Ескелді ауданы, Балпық би кенті мен Текелі қаласының шетіне канистерлерді жеткізген. Осылайша олар синтетикалық есірткі өндірген. «Мефедрон» есірткі затын дайындауға арналған затты тек қана кептіріп, одан ұнтақ тәрізді зат алу ғана қалған, - дейді облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ведомствоаралық үйлестіру және нашақорлықтың алдын алу тобының аға жедел уәкілі, полиция полковнигі Меруерт Искакова.
Аталған мекенжайды толықтай тексергенде мынандай заттар табылған. Түстеп көрсетсек, ішінде ерекше иісті сұйықтығы бар 13 дана канистр, әрбір канистрдің сыйымдылығы 20 литрді құрайды. 5 литрлік бір канистр. 15 дана қоңыр түсті сұйықтығы бар контейнер. Сыйымдылығы 80 литр және 100 литрді құрайтын ерекше иісті екі бөшке.
Жаман затқа жастар құмар
Қазір есірткіге әуес жастардың қарасы көбейіп келеді. Мәселен, жауапты мамандар өңірге қарасты Кинологиялық қызмет орталығының «Олли» атты қызметтік іздестіру итін қолдану арқылы есірткі зертханасын тапқан. Анықтай келе Іле ауданына қарасты Дружба кентінде екі 40 тонналық теңіз контейнерлерінің көмегімен құрастырылған синтетикалық есірткі өндіретін орын әшкереленген. Бұл зат үй ауласында болған.
Тінту нәтижесінде зертханадан көптеген заттар тәркіленді. Сарғыш түсті кристалды заты бар ылғалды консистенциясы бар шыны науалар түріндегі 100 ыдыс. Сондай-ақ, құрамында ақ түсті ұнтақ заты бар 9 Зип-лок пакет. Еденде «Пеноплекс» парағының бетінде қызғылт сары түсті, мөлшері 585х1185 мм құрғақ, ақ түсті ұнтақ түріндегі сусымалы зат. Екі полимерлі пакет пен «Метилин» деген жазуы бар құрамында мөлдір сұйықтықпен 10 дана пластикалық канистрлер. 6 дана пластикалық шелек пен «Бромкетон-4» заты бар 3 бөшке, сондай-ақ реакторлар, колбалар, электрондық таразылар, көмір сүзгісі, сорғыш және өзге де зертханалық жабдықтар табылды,- дейді М.Омаров
Оның айтуынша, тінту барысында қылмыскерге тиесілі рюкзактан 28 мың АҚШ доллары сомасында ақша тәркіленген.
Түнгі клуб жағалаған жастардың қатары көп. Әсіресе «Статус» ойын-суық кешенінің алдында көлік қаптап тұрады. Бәрі дерлік жастар. Қыздар ішімдікке тойып алып шығады. Оны көзіміз көріп жүр. Орталықта да түнгі клубтар бар. Олардың бәрінде осындай жағымсыз заттар пайдаланатыны анық. Әйтпесе сонша неге үйір болады. Ата-аналарына обал, баласы осындай ащы суды, есірткіге ұқсас заттарды пайдаланып жүр. Түнгі клубтарды ертерек жабу қажет. Әйтпесе талай жастың болашағын құртады, - дейді Талдықорған қаласының тұрғыны, зейнеткер Асыл Сейітманова.
Қазір өңірде нашақорлыққа бейім жастар көбейіп барады. Сол себепті құқық қорғау органдары мен ішкі істер органдары, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және басқа да құқық қорғау органдарымен бірлесіп, жедел және профилактикалық шаралар өткізуде. Соның бірі – «Қарасора» 2024 операциясы. Бұған Ұлттық ұлан күштері мен құралдары, техникалары, «Бүркіт» жеке құрамы, сондай-ақ ішкі істер органдарының арнайы бөлімшелерінің жауынгерлері жұмылдырылған. Тікұшақ техникасы, жоғары өтімді автокөлік, сондай-ақ ұшқышсыз ұшатын аппараттар пайдаланылған. Қазір есірткі бизнесінің қарсы күрес жалғасын табады.