Жетісуда 4 мыңға жуық адамға көмек көрсетілді

Бүгiн, 11:18
175
Бөлісу:
Жетісуда 4 мыңға жуық адамға көмек көрсетілді
Фото: автордан

Қайырылымдылық акциясы аясында балабақшаға баратын 20 сәбидің бір жылдық төлемі төленсе, жағдайы төмен 80 тұрғынға азық-түлік таратылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

​Наурызнама онкүндігінде өңірде қайырымды жандардың қатары көбеюде. Аудан-ауданнан шыққан кәсіпкерлер әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына түрлі көмек көрсетіп жатыр. Мәселен, көксулық демеушілер 20 балаға бір жыл балабақшаға тегін баруына жол ашып берді. Жалпы облыста акция аясында 30 млн астам қаржының көмегі көрсетілген.

​Әрбір тұрғынға қуаныш сыйлауға болады. Наурыз мерекесі сонысымен қызық та ерекше мейрам. Біздің волонтерлік фронт-офис бұл жұмысты тұрақты түрде жүргізіп келеді. Жыл басынан бері біз ардагерлер мен жалғызбасты қарт адамдарды қолдау үшін әлеуметтік, экологиялық акцияларды қосқанда 700-ге жуық акция өтті. Жүзден астам көп балалы және аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық қолдау көрсетілді. Мұқтаж жандардан да көмегімізді аяп қалған емеспіз. Атымтай жомарт азаматтардың арқасында қаншама тұрғынға қуаныш сыйлап жатырмыз, - дейді «Мейірімді Жетісу» волонтерлік фронт-офисінің басшысы Шырай Саматқызы.

​Мәселен, Қаратал ауданында жүздеген тұрғынға тегін азық-түлік беріліп, алда да осындай көмек жалғасатыны айтылған. Ең ғажабы, қайырымдылық акциясына ауданның кәсіпкерлері мен осы игі іске бей-жай қарамайтын қарапайым тұрғындар белсене қатысқан.​

​Дәрі-дәрмек, қажетті заттар таратып жүрген жандарға көп рақмет. Наурыз мекересінде осындай игілікті шаралар көп болсын дегім келеді. Қаншама жанды қуантып кетіп жатыр. Қайырымдылық берекені арттырады. Осындағы жастарға алғысым шексіз. Кәсіпкерлердің де қолдауын көріп жатырмыз, - дейді Екпінді ауылының тұрғыны Ыдырыс Жантілеу.

 

Өзгелердің жаңалығы