Биыл Көксу, Қаратал, Ескелді аудандары мен облыс орталығына қарасты бірнеше ауыл көгілдір отынға қол жеткізеді. Жыл соңына дейін 433 шақырым газ тарату желісі салынады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл жоба сай бүгінде 42 жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Оның жалпы қаржы көлемі 25,7 млрд теңгені құрайды. Жалы өңірде көгілдір отынға қол жеткізу 50 пайызға дейін жетіп отыр.
Нақтылап айтсақ, 33 елді мекен газдандырылып, 327 мың адам табиғи газ тұтынып отыр. Осы жылы 30 ауылдың 22-сіне жұмыс былтыр басталса, қалғаны жаңа жоба ретінде қарастырылады.
Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Айдос Бекетаев айтуынша, газдандырудың екінші кезеңінде Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының елді мекендері кіреді.
Біз алыс ауылдарға да газ тартуды көздеп отырмыз. Бүгінде 131,7 млрд. теңге құрайтын «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбыры құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы дайын тұр. Жалпы жобаның ұзындығы 302,0 км, 6 АГРС орната отырып, магистральдық газ құбырын салу жоспарланған. Осы нәтижеге қол жеткізсек тағы да 130 мыңға тарта адам табиғи газға қол жеткізеді. Яки, 66 ауыл газға қосылады деген сөз. Игілікті істі осы жылдың II жартысында бастағалы отырмыз. Бұйырса, 2029-шы жылға дейін аяқталады, - дейді А.Бекетаев.
Қазір облыс орталығына жақын аудандардың дені табиғи газға қосылып үлгерді. Тіпті халықтың басым бөлігі үйіне, моншасына дейін газ тартып алған. Қуанышында шек жоқ.
Біздің ауданға газ келеді деген үміт зор. Көрші аудандарға қарап қызығып отырмыз. Газдың бір жақсы жері әрі үнем, әрі көмір тасып әуре болмайсын. Үй ішін бірқалыпты температурада ұстады. Сыртқа шығып кетсенде отын өшіп қалды деп алаңдамаймыз, - дейді Ақсу ауданының тұрғыны Алмагүл Базарқұлова.