Өңірде қайтарылған актив есебінен 3 дәрігерлік амбулатория, 3 медициналық пункт және 12 фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы жүріп жатыр. Олардың бәрі алыс ауылдарда орналасқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шалғайдағы ауылдарда медициналық көмек артады
Жетісу облысында халықтың алғашқы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, "Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту" ұлттық жобасы аясында облыс аумағында 18 жаңа денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілуде. Жобаға арнайы қор есебінен қажетті қаржы бөлінген. Салынатын нысандардың қатарында 3 дәрігерлік амбулатория, 3 медициналық пункт және 12 фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Бұл нысандар шалғайдағы ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық қызмет көрсетуді жақсартуға бағытталған.

Жаңа нысандар орналасатын ауылдар тізімін нақтылап айтатын болсақ, Ақсу ауданына қарасты Көкжайдақ ауылында ФАП, Жаңалық ауылында ФАП. Алакөл ауданына қарасты Қайнар ауылында ФАП, Жайпақ ауылында дәрігерлік амбулаториясы, Ескелді ауданындағы Жалғызағаш ауылында ФАП, Қайнарлы ауылында ФАП, Қаратал ауданына қарасты Дойыншы медициналық пункті, Көксу ауданындағы Қаратал ауылында ФАП, Кербұлақ ауданына қарасты Қарағаш ауылында ДА, Қарашоқыда ДА, Беріктаста МП, Доланалыда МП, Нұрымда ФАП салынады. Одан бөлек Панфилов ауданындағы Сарытөбе, Сұптай, Диханқайрат елі мекендерінде фельдшерлік-акушерлік пункт ашылады. Дәл осындай нысан Сарқан ауданындағы Қарғалы және Төлебаев ауылдарында бой көтереді.
Қазіргі уақытта бұл нысандардың орташа дайындық деңгейі – 59 пайызды құрайды. Құрылыс жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, белгіленген мерзімдерге сай орындалуда. Аяқталу мерзімі – тамыз айында жоспарланған. Жоспарға сәйкес, барлық 18 нысанның құрылысын 2025 жылдың тамыз айында толық аяқтау көзделген. Бұл өз кезегінде ауылдық елді мекендердегі медициналық қызмет сапасын арттырып, тұрғындардың денсаулығын сақтау ісінде маңызды рөл атқаратын болады.Жоба аяқталғаннан кейін, Жетісу облысының түкпір-түкпіріндегі мыңдаған тұрғын үшін алғашқы медициналық көмек бұрынғыдан әлдеқайда жақын әрі қолжетімді болмақ, - дейді облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев.
Оның айтуынша, өңірде ауылдық денсаулық сақтау нысандары біртіндеп жаңғырып жатыр. Бұл бағытта "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында ауқымды құрылыс жұмыстары қолға алынған. Мәселен, жоба шеңберінде жалпы құны 12,7 млрд теңге болатын 59 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарланған. Оның ішінде алдағы уақытта 15 дәрігерлік амбулатория, 39 фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП) және 5 медициналық пункт (МП) бой көтермек. Қазір бірқатары аяқталған, қалғаны белсенді құрылыс кезеңінде тұр.

Көтерме ақы кадр тапшылығын шеше ала ма?
Көпке мәлім былтыр желтоқсан айында шағын емханалардың 15-і толық салынып, халық игілігіне берілді. Ал қалған 44 нысанның құрылысы қарқынды түрде жүріп жатыр. Қазіргі таңда олардың орташа дайындық деңгейі 83 пайызды құрайды.
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың айтуынша, бөлінген қаржы көлеміне қарай бірқатар нысандардың құрылысы маусым айында, ал бірнешеуі тамыз айына дейін толық аяқталмақ. Сонымен қатар, денсаулық сақтау мекемелерін сумен, электр қуатымен, жылумен қамтамасыз ету мақсатында инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысы қатар жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарға қажетті қаражат жергілікті бюджеттен бөлінген.
Шалғай ауылдардағы медицина нысандарының дамуы халықтың денсаулығын нығайтуда үлкен рөл атқарады. Жалпы алғанда, "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасының жүзеге асырылуы облыс әкімдігі тарапынан тұрақты бақылауда. Бұл – халықтың денсаулығына бағытталған аса маңызды қадам, - дейді Б.Исабаев.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жоба толық іске асқанда, шалғай ауыл тұрғындары үшін алғашқы медициналық көмек бұрынғыдан әлдеқайда жақын әрі сапалы болмақ. Бұл – медициналық инфрақұрылымды дамыту ғана емес, сонымен қатар елді мекендердегі өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық маңызы зор бастама. Оған қоса дәрігер тапшылығын азайтуға бағытталған бірегей бағдарлама сәтті жүзеге асуда. Бқл ауыл-ауылда жаңадан ашылған медицина нысандарының халыққа сапалы қызмет көрсетуде ұтымды шешім болмақ.
Өкінішке қарай, өңірде денсаулық сақтау саласындағы маңызды мәселелердің бірі – дәрігер кадрларының жетіспеушілігі. Бұл түйткілді шешу мақсатында өткен жылдан бері республика көлемінде алғаш рет өңірде дәрігерлерге көтерме ақы төлеу бағдарламасы іске қосылды. Нәтижесінде, дәрігер тапшылығы 20,3 пайызға қысқарды. Дегенмен әлі де маман тапшылығы білінеді. Қазір сырттан келген мамандарға барынша жағдай жасап, қажетті материалдық дүниемен қамтамасыз етіп жатыр, - дейді М.Көлбаев.
Мәселенки, облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған бұл бастама аясында ауылдық елді мекендерге барған дәрігерлерге – 10 млн теңге, қалалық жерлерге келген мамандарға – 5 млн теңге көлемінде бір реттік көтерме ақы төленеді. Бұл қаражат жергілікті бюджет есебінен қарастырылған.Алайда көтерме ақы алу үшін алдымен медицина қызметкері үш айлық сынақ мерзімінен өтіп, әрі қарай кемінде бес жыл өңірде тұрақты жұмыс істеуі тиіс. Бұл шарттар – бағдарламаның тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз етудің негізі. Бағдарлама іске қосылғалы бері 110 дәрігерге қаржылай қолдау көрсетілді. Соның нәтижесінде ауылдарда сапалы медициналық қызметке деген қолжетімділік артып келеді.

Осы тұста бағдарламаның нақты пайдасын көріп отырған дәрігерлердің бірі – Қайрат Қоңырбаев пен Кәмшат Жанғабаевамен дидарласқан едік. Олар Ақсу аудандық ауруханасында қызмет етеді.
Өзім – кардиолог болсам, ал жұбайым – акушер-гинеколог. Екеуіміздің еңбек өтіліміміз – 18 жыл. Жұбайыммен бірге өңірге қоныс аударып, 20 млн теңге көтерме ақы алдық. Осы қаражаттың көмегімен баспана мәселемізді шештік. Бұл – жас мамандар үшін үлкен демеу. Елді мекендерге білікті дәрігерлердің келуіне жағдай жасалып жатқанына қуаныштымыз, - дейді Қ.Қоңырбаев.
Осындай мамандарды ауылдарға тарту жұмыстары белсенді түрде жүріп жатыр.
Шетелдік дәрігерлермен тәжірибе алмасады
Шынында, медицина – жай ғана мамандық емес, ол – адамның өмірі мен денсаулығына тікелей жауап беретін қасиетті кәсіп. Сондықтан әрбір медицина қызметкері кәсіби шеберлігін үнемі жетілдіріп, ерте диагностикалау мен сапалы ем жүргізуге басымдық беруі керек. Бұл ретте емханалардың материалдық базасын жақсарту, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, әсіресе ауылдық жерлерге басымдық беру маңызды. Бүгінде осы мәселені ретте үшін облыста медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жүйелі түрде жүргізіледі. Түркия, Оңтүстік Корея сынды елдермен әріптестік орнатылып, тағылымдамалар мен тәжірибе алмасу бағдарламалары жолға қойылған. Қазіргі таңда 45 медицина маманы резидентурада оқып жатыр.
Медицина қызметкерлеріне арналған тұрғын үй – әлеуметтік қолдаудың көрінісі. Биыл Көксу ауданында 18 медицина маманы қызметке кірісті. Облыс әкімінің тапсырмасымен медицина қызметкерлеріне арналған 20 пәтерлік бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бұл – дәрігерлердің тұрақтап қалуына және олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жасалып жатқан нақты қадам. Көтерме ақы, тұрғын үй, кәсіби қолдау – мұның бәрі медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттырып қана қоймай, елдің ең шалғай жерлерінде де сапалы медициналық қызметтің қолжетімді болуына жол ашуда, - дейді Көксу ауданының әкімі Дәулет Халелов.
Қазіргі таңда облыстағы денсаулық сақтау саласында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, алғашқы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі жыл санап артып келеді. Облыс құрылғаннан бергі қысқа уақыт ішінде 81 елді мекен жаңа медициналық нысандармен қамтылып, дәрігер тапшылығы едәуір қысқарған. Биыл бұл көрсеткішті одан әрі жақсарту мақсатында тағы жүзге жуық ауылда жаңа медициналық мекемелердің құрылысы басталады. Мәселен, облыс аумағында Кербұлақ ауданының Сарыөзек ауылында 250 орындық емхана, Көксу, Алакөл, Ақсу және Панфилов аудандарында бірнеше фельдшерлік-акушерлік пункт пен дәрігерлік амбулаториялар бой көтерді. Бұдан бөлек, 58 блок-модульді медициналық кешен орнатылды. Айта кетерлігі, республикада тұңғыш рет Панфилов ауданы Жаркент қаласында және Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылында модульдік құрылымда жедел жәрдем қосалқы станциялары іске қосылды.
Биыл Қаратал ауданы Үштөбе қаласы, Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылы, Көксу ауданы Балпық би ауылы және Текелі қаласында осындай жаңа үлгідегі қосымша медициналық нысандар пайдалануға берілмек. Жақында көптен күткен Қаратал ауданының Үштөбе қаласында демеушілердің қолдауымен 50 орындық дәрігерлік амбулатория салынды. Өңірде соңғы үш жылда 7 нысан күрделі жөндеуден өтіп, биыл тағы 7 мекемеде жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстардың арқасында бейімделген немесе жалға алынған ғимараттарда отырған мекемелер саны 209-дан 127-ге дейін азайды. Ал биыл 72 медициналық мекеме үшін жаңа ғимараттар салу және оларды заманауи құрал-жабдықпен жабдықтау жоспарланған.
Озық технология – озық медицина
Жетісу медицинасының келесі маңызды жобасы – Талдықорғанда 200 орындық онкологиялық диспансердің құрылысын бастау. Бұл нысан инвесторлар есебінен салынатын болады. Сонымен бірге облыстық перинаталдық орталық базасында жұмыс істейтін “Қамқорлық” ерте араласу орталығы бүгінгі таңда церебралды сал ауруы бар балаларды оңалтудың халықаралық әдістемелерін қолданып келеді. 2023 жылдан бері бұл орталықта 215 балаға оңалту шаралары жүргізілсе, биылғы жылдың алғашқы жартысында тағы 51 бала қабылданды. Бұл салада да білікті маман қажеттілігі байқалады. Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың бастамасымен республикада алғаш рет енгізілген көтермеақы төлеу жүйесі бүгінде нәтижесін беруде. Ауылға келген дәрігерге – 10 млн, қалаға – 5 млн теңге бір реттік көмек қарастырылған. 2024 жылы бұл мақсатқа 495 млн теңге бөлініп, 75 дәрігер көтермеақы алды. Соның ішінде 24 маман – ауылда, 51 маман – қалада жұмысқа орналасқан.

Алакөл ауданындағы Қабанбай ауылына келгеніме көп болған жоқ. Қазіргі таңда күн сайын 2-3 күрделі операция жасап жүрмін. Ең бастысы заманауи лапароскоп аппараты арқасында отадан кейінгі оңалту мерзімі қысқарып, операциялардың сапасы арта түсті. Менің дәрігер ретінде төрт бірдей сертификатым бар. Балалар хирургі, травматолог, ортопед, уролог ретінде науқастарға кеңес бере аламын, көмек те көрсетемін. Осындай шалғай ауылдарға негізінен көпсалалы мамандардың қажет, - дейді хирург Нұрмұхамед Байжанов.
Жалпы облыстық кардиологиялық орталықта жыл сайын 450-ден астам жоғары технологиялы операция жасалуда. Бүгінде мұнда жасанды интеллектпен басқарылатын жүрек ресинхрондау терапиясы енгізілді. Сонымен қатар, биылдан бастап балаларға да кардиохирургиялық оталар жасалуда. 2022–2024 жылдары облыс бойынша 133 жедел жәрдем көлігі сатып алынса, 2025 жылы тағы 29 санитарлық көлік алу жоспарланған. Бұл әсіресе ауылдық аймақтардағы медициналық көмектің шапшаңдығы мен сапасын арттыруға сеп болады.
Жетісу өңірі денсаулық сақтау саласын дамытуда тың серпінмен алға басып келеді. Медициналық нысандар құрылысы, заманауи жабдықтармен жарақтандыру, дәрігерлерге әлеуметтік қолдау, жаңа технологияларды енгізу – мұның бәрі халық денсаулығын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты көрінісі. Болашақта бұл бастамалар өз жемісін беріп, Жетісу өңірі сапалы медициналық қызметтің үлгісіне айналары сөзсіз.