Тазарту күніне орай Жетісу облысының барлық өңірінде сенбілік өтті. Ауқымды сенбілікке 16 мың-ға тарта тұрғын қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Белсенді түрде белең алған биылғы сенбілік жаңа қарқынмен жанданды. Санитарлық тазалық шаралары өлке бойынша 140 сквер, саябақтарда жүзеге асты. Әр саябақтар жіті тазаланып, ретке келтірілді. Ерікті тұрғындардың жұмысын жеңілдеткен 180-ге жуық техника тартылды.Атқарылған барлық жұмыстардың нәтижесінде жалпы саны шамамен 1400 тоннаға таяу қоқыс жиналып, залалсыздандыру орындарына жөнелтілді.
Сенбілікке қатысу – әрбір азаматтың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін көрсетудің бір жолы деп білемін. Бүгін қолыма қолғап пен қап алып, өзгелермен бірге көшелерді, саябақтарды тазартуға атсалыстым. Мұндай шаралар тек қаланы таза ұстау үшін емес, адамдарды біріктіріп, табиғатқа деген қамқорлық сезімін ояту үшін де маңызды. Әсіресе, жастардың белсенді қатысқаны қуантады. Егер әркім осындай шараларға жиі атсалысып тұрса, айналамыз әлдеқайда таза әрі жайлы болар еді. Болашақта мұндай экологиялық бастамалар жиі ұйымдастырылса, қоғамның табиғатқа деген көзқарасы да жақсара түсер еді, - дейді Мадияр Жанбосынов.
Талдықорған қаласында ұйымдастырылған сенбілікке облыс әкімі Бейбіт Исабаев белсенді қатысып, шараның маңыздылығын көрсетті. Бұл шараға сондай-ақ облыстық мәслихаттың депутаттары да атсалысып, халықпен бірге еңбек етті. Мемлекеттік органдар, жергілікті мекемелердің қызметкерлері де сенбілік жұмыстарына жұмыла кірісті. Жастар тарапынан да үлкен қызығушылық байқалып, түрлі ұйымдардың өкілдері жұмыла қатысты. Бұл шара қоғамның бірігіп, ортақ мақсат жолында еңбек ете алатынын көрсететін жарқын мысал болды.