Жетісу облысында 500 мыңнан астам халқы бар 126 елді мекенді газбен қамтамасыз ету жоспарлануда. 63 жоба қарсаңында газдандыру көрсеткіші 71,4%-ды құрап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл өңір тұрғындарын газдандыру деңгейі 56,5%-ды құраса, газдандырылған елді мекен саны 63-ке жетеді. Жоспарға сай, тағы 63 аймаққа газ тарату жұмыстары жүруде. Қазіргі таңда 18 елді мекеннің жобалық-сметалық құжаттарды дайын болса, қалған 45-де газдандыру жұмыстары басталып кеткен.
Былтыр басталған “Талдықорған–Үшарал” бағытындағы газ жұмыстары биылғы жылдың соңына дейін бітеді деп көзделуде. Сондай-ақ Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының 66 елді мекенін газбен қамту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде.
Ауылға газ тарту мәселесі мүмкіндігінше тезірек шешілсе екен. Қыс жақындаған сайын көмір тасу, от жағу, күл шығару сияқты бейнетті жұмыстар көбейіп, тұрғындарға қиындық туғызып жатыр. Оның үстіне, көмірдің бағасы да жылдан-жылға қымбаттап келеді. Таңертең үй суық болып тұрады, пеш жағып, үйді жылыту үшін біраз уақыт кетеді. Әсіресе, қарттар, әйелдер мен балалар үшін әлдеқайда ыңғайлы болар еді. Газ – тек жайлылық қана емес, сондай-ақ экологиялық жағынан да тиімді шешім. Сондықтан билік бұл мәселені тездетіп шешіп, ауылымызды газбен қамтамасыз етсе екен деп үміттенеміз, - дейді қала тұрғыны Берік Оспанғалиұлы..
Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтің айтуы бойынша, жылдың соңына дейін 63 елді мекен газға қол жеткізеді. Нәтижесінде, газдандыру көрсеткіші 80%-ға жақындайды. Магистраль құрылысы біткеннен кейін, газ тарту жұмыстарына кірісетінін және қолға алынған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асады.
Ақмарал Қайрат