Жетісу жұрты жылу сұрап отыр

18 Қыркүйек 2024, 16:02
478
Бөлісу:
Жетісу жұрты жылу сұрап отыр
Фото: автордан

Күн күрт суып кетті. Талдықорғандық тұрғындар балалардың денсаулығына алаңдап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Былтыр да Жетісуда осындай мәселе болған еді. Заң бойынша қараша айының 15-не қарай жылу жүйесі іске қосылу шарт. Алайда ауа райы құбылып, күн кенеттен салқын тарта бастады. Сондықтан жетісулықтар жылуды ерте бере берсе деп отыр. Бүгінде таңға таяу дала температурасы +3 градусты көрсетіп, тұрса түнде +2 градусқа дейін төмендеген.

Қазір тұмау қатты жүріп жатыр. Күздің салқыны өңменінен өтеді. Таңертең балаларды қыстық аяқ киім, қыстық киімдерін кигізіп, мектепке жіберіп жүрміз. Көршіміздің баласы ауырып жатыр. Күндіз күн жылы болғанымен түнде суып кетеді. Көпқабатты үйлердің қабырғасынан суық қатты өтеді. Таңертең балалардың мұрны бітіп, жөтеліп тұрады. Сондықтан қалалық әкімшілік ертерек жылу жүйесін қосса деп отырмыз. Әйтпесе балалардың сырқаты күннен күнге үдей береді, - дейді қала тұрғыны, көпбалалы ана Ажар Тарғынбаева.

Қазір бұл мәселені жергілікті билік талқылап жатыр. Себебі күн қайта жылуы мүмкін. Бірден асығыс шешім қабылдаған дұрыс емес. Жылу уақытында беріледі.

Жалпы, облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметі бойынша, Талдықорған қаласының жылу жүйелері мен желілері жылыту маусымына толықтай дайын отыр. Облыс басшысының тапсырмасына сай жылу әуелгі кезекте әлеуметтік нысандарға беріледі.

Осы айдың аяғы кейбір мекемелер біртіндеп жылу желісіне қосыла бастайды. Бүгінде қалада орталық жылыту жүйесіне қосылған жүзден астам мекеме мен мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй бар. Маусымға дайындық жаздан бері жүріп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы