Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жетісу шаруалары суды тиімді пайдаланып отыр ма?

21 Шілде 2025, 10:02
485
Бөлісу:
 автордан
PHOTO
Фото: автордан

Егістік көлемі көбейген сайын өңірде су тапшылығы үдеуде. Ал оны тиімді пайдалану тәсілін шаруалар әлі меңгерер емес, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тамшылатып суару технологиясын енгізуге қаржы қажет

Жергілікті билік бұл мәселенің шешімі – жаңбырлатып һәм тамшылатып суару тәсілі екенін жақсы түсінеді. Ал 500 мың гектар жерге жаңа технологияны енгізу үшін шаруаларға қажетті техникаға деп арнайы жеңілдікпен қаржы бөлу қажет. Оны өз күшімен іске асыруға шағын шаруалардың шамасы жетпейді. Бүгінде заманауи суару әдісіне ден қойған азғантай ғана қожалық бар. Олар тиімділігін көріп отыр.

Жетісу өңірінде жергілікті фермерлердің көпшілігі ескі әдіспен – арықпен суару тәсілін қолданады. Бұл – су ысырапшылдығының басты себебі. Суару жүйесін жаңғыртпай, ауыл шаруашылығын тиімді жүргізу мүмкін емес. Тамшылатып суару ылғалды 40-60 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Бірақ бұл технологияны енгізу үшін субсидияны тиімді әрі дер кезінде беру керек, - дейді Су ресурстары жөніндегі сарапшы, агроэколог Мақсат Айдарбеков.

Жалпы, Жетісу облысы – Қазақстандағы ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан аграрлы өңірлердің бірі. Бұл өңірдің ерекшелігі – суармалы егіншілік басым бағытқа айналған. Суармалы жерлердің басым бөлігі мұздықтардан және таулы өзендерден алынатын судың есебінен ылғалдандырылады. Дегенмен, соңғы жылдары климаттың өзгеруі мен су тапшылығының күшеюі салдарынан су ресурстарын тиімді басқару – басты міндетке айналып отыр. Осы тұста "Жетісу шаруалары суды тиімді пайдаланып отыр ма?" деген сұрақ өзекті. Оған шаруалардың өз уәжі бар.

Жетісу шаруалары суды тиімді пайдаланып отыр ма?

Тамшылатып суаратын аппараттың құны өте қымбат. Оны біздің қалтамыз көтермейді. Ал оған мемлекет тарапынан арнайы қаржы қарастырылмаған. Ең құрымағанда несиеге жеңілдікпен алсақ өзімізге де тиімді болатын еді. Себебі 4-5 адамның жұмысын жеңілдетеді. Ал әкімдіктегілер өздерін алыңдар деген сыңаймен тыныш отыр. Ақсуда тамшылатып суарудың тиімділігін көріп отырған үлкен шаруалар бар. Біз секілді кішігірім кәсіпкерлерге қиын. Оның үстіне арықтан су келіп тұрғаннан кейін кейбірі оған бас та қатырмайды, - дейді шаруа иесі Жаңылхан Биікбаев.

Өкінішке қарай, өңірде су үнемдеу технологиясы әлі де кенже қалып келе жатыр. Су тапшылығы мен судың бағасының артуы су үнемдеу технологияларын енгізуді талап етеді. Алайда, Жетісу облысында бұл бағыт баяу дамып жатқанын көз көріп тұр. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасынан хабарлағандай, шаруаларға тамшылатып суару, жаңбырлатып суару және басқа да үнемді технологияларды енгізу жөнінде жыл сайын түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бірақ нәтиже мардымсыз.

Су қоймаларын салғаннан пайда бар ма?

Облыста судың негізі көзі – мұздықтар мен өзендер болып отыр. Жергілікті шаруалар суарудың 95 пайызы мұздықтар мен таулы өзендердің еріген суына тәуелді. Тек 5 пайызы ғана су қоймаларынан алынады. Бұл өз кезегінде өңірдің су қауіпсіздігін климатқа тәуелді етеді. Жаз мезгілінде өзендердегі су деңгейі тәуліктік өзгерістерге ұшырап, тұрақсыз ағын қалыптастырады. Осыған байланысты, Жетісу облысында су шаруашылығы нысандарын жаңғырту мен жаңаларын салу күн тәртібіндегі басты мәселеге айналған. ҚР су ресурстары және ирригация министрлігі су шаруашылығы комитетінің «Қазсушар» РМК Жетісу филиалының директоры Саят Құдайбергенов сөзіне сүйенсек, суды ұтымды пайдалану жағынан өңірде шикіліктер бар.

"Қазсушар" РМК Жетісу филиалы қазіргі таңда облыстағы 187 919 гектар суармалы жерге қызмет көрсетеді. Оның ішінде Жетісу облысының Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Көксу және Панфилов аудандарындағы каналдар арқылы 180 мың гектар, ал Алматы облысының Балқаш ауданында 7,5 мың гектар жерге су жеткізіледі. Филиалдың теңгерімінде 4 су қоймасы, 12 су торабы, 3 су бөгеті және ұзындығы 4 569 шақырымнан асатын магистралды, таратушы каналдар мен коллекторлық-дренаждық жүйелер бар, - дейді С.Құдайбергенов.

Оның айтуынша, 2025 жылдың шілдесіне дейін 7330 шаруашылықпен су жеткізуге келісімшарт жасалып, 931 миллион текше метрден астам су берілетіні жоспарланған. Бірақ нақты көрсеткіштер бұдан төмен – 437,8 млн м³ су ғана беріліп, 92 998,4 гектар жер суарылған. Бұл көрсеткіш суды үнемдеудің немесе су тапшылығының белгісі болуы мүмкін.

Осы мәселенің алдын алу үшін облыс әкімдігі мен Су ресурстары және ирригация министрлігі 2023 жылы суару жүйелерін жаңғырту жөнінде кешенді жоспар қабылдаған. Осы жоспар аясында бірнеше ірі су қоймаларын салу көзделіп отыр. Нақтылап айтсақ, Ақсу ауданында Биен өзенінде – 22 млн м³, Ескелді ауданында Балықты өзенінде – 5 млн м³, Панфилов ауданында Қорғас, Өсек, Тышқан өзендерінде – жалпы 35 млн м³, Алакөл ауданында Жаманты өзенінде – 5 млн м³, Көксу ауданында Быжы өзенінде – 15 млн м³ салынады.

Су қоймаларын қаптатып салғанымызбен тамшылатып суару технологиясын енгізбей бәрібір мәселе шешілмейді. Неге десеңіз, шаруалардың бәрі суды үнемдеуге келгенде немқұрайлылық танытады. Мәселен қанша текше куб су құмға сіңіп кетіп жатыр. Арықтардың бойына қытайлықтар секілді салафан жабу керек. Сонда суды құмға сіңбейі. Одан бөлек егістікке толық жету үшін шаруалар 4-5 күн суарады. Ойлап қараңыз, қаншама су ауаға ұшады. Алқап тегіс болса бір сәрі, бір-біріне теңесемін дегенше қаншама тәулік бойы егіс су ішінде жатады, - дейді агроном Әділ Дидаров.

Алайда, жоғары айтылған жобалардың көпшілігі әлі де жобалау-сметалық құжаттарды (ЖСҚ) дайындау кезеңінде. Тек аз бөлігіне техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) дайындалған.

Жетісу шаруалары суды тиімді пайдаланып отыр ма?

Суармалы судың құны қанша?

Су ресурстарын әділетті бөлу де басты мәселе болып отыр. Шаруалардың айтуынша, кейбір аудандарда суару кестесі дұрыс сақталмайды, ал жаздың ыстық айларында су тапшылығы туындайды. Бұл мәселеге қатысты Панфилов ауданындағы шаруа Ерлан Нұртазин пікір білдірді:

Су қоймаларын салуға қажетті қаржыландыруды республикалық бюджеттен жылдам бекіту керек. Кейде каналдарға белгіленген уақытта су жетпейді. Әсіресе, таулы аудандардағы шаруалар ағын судан айрылып қалу қаупінде. Бұған себеп – жүйенің тозуы мен техникалық ақаулар. Оны реттеу ұзақ уақытты талап етеді, -  дейді шаруа иесі.

Бүгінде су ресурстарын басқару жүйесі құрылымданған және нақты жоспарлар бар. Бірақ суды үнемді пайдалану мәдениеті, ирригациялық жүйелердің заманауи технологиямен жабдықталуы, жаңа су қоймаларының салынуы және шаруалардың осы үдерістерге бейімделуі баяу жүріп жатыр.

Жетісудағы негізгі қауіп – су тапшылығының болашақта тек арта түсуі. Егер қазірден бастап кешенді, нақты қадамдар жасалмаса, аграрлық әлеует әлсірейді. Су – тек ресурс емес, ол – экономиканың өзегі. Бара-бара суармалы судың құны қымбаттай береді. Себебі жыл сайын суармалы жерлер көбейіп келеді. Алдағы уақытта заман талабына сай су арналары мен магистралдық жүйелерді цифрландыру және автоматтадыру керек, - дейді сушы Кенжебай Қамбарұлы.

Сала мамандары мәселені шешу үшін тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларын субсидиялау жүйесін жетілдіруді көздеп отыр. Одан бөлек жеке шаруаларға арналған техникалық көмек пен оқу тренингтерін ұйымдастыру қажеттілігі де күн тәртібінде тұр.

Жетісу шаруалары суды тиімді пайдаланып отыр ма?

Қазір шілденің шіліңгір ыстығы егісті өртеп жіберуге шақ тұр. Сондықтан жетісулық шаруалары суды тиімді пайдалануға тырысуда. Бірақ нақты нәтиже үшін жүйелі қолдау, қаржыландыру және технологиялық серпіліс қажет. Су – болашақтың стратегиялық капиталы екенін ұмытпайық.

Өзгелердің жаңалығы