Талдықорғанда жергілікті өнерпаздар әйгілі компазитор Нұрғиса Тілендиевтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, мұрасын жаңғыртты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақ музыка өнерінің майталманы Н. Тілендиевтің 100 жылдығына арналған салтанатты шара әйгілі күйшінің атындағы музыка мектебінен бастау алды. Келелі жиында өнер саңлақтары естеліктерімен бөлісіп, шығармашылығын насихаттады.
Күй болсын, ән өнері болсын Нұрғиса атамыздың еңбегі орасан. Оның нотаны сезінуі, әуенді меңгеруі, әсерден ажыратпай ұстап тұруы ғажайып құбылыс. Теңдессіз талант десек артық айтпағанымыз болар. Оның мұрасы біз секілді жастарға жігер беріп қана қоймай, ұлтты сүюге рух береді. Қанша уақыт өтсе де ескірмеген қазынасы әлі талай ғасырдың көгінде қалықтайды, - дейді Д.Рақышев атындағы филармонияның директоры Самат Жексенбаев.
Игілікті шара барысында Талдықорған балалар көркем сурет мектебі оқушыларының сурет салу пленэрі ұйымдастырылып, жас суретшілер дәулескер күйші-композитордың бейнесін қағаз бетіне түсірді. Сондай-ақ облыстық Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының әншілері "Жетісу виртуозы" ансамблі шағын концерт қойып, Н.Тілендиевтің шығармаларын орындады.
.jpeg)
Нұрғиса атамыздың "Әлқисса", "Аққу", "Махамбет" секілді даңқты күйлерін білмейтін қазақ жоқ. Қаншама буын сол кісіге қарап қанаттанды. Оның күйлері дәуірдің даусы ғана емес, жаны мен тілі. Біз сол арқылы қазақ өнерінің биіктігін сезінеміз, - дейді ақын Азамат Нұрмұхан.
Шара соңында Б.Римова атындағы драма театрында Дәнеш Рақышев атындағы филармонияның Мұқан Төлебаев атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі 100 жылдық мерейтойға орай "Өз елім" атты концертін өткізді.