17 қараша күні сағат 15:56-да Талдықорған қаласының Өтенай ауылындағы жеке тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама түскен, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері дереу оқиға орнына шықты. Өрт сөндіру бөлімшесі келгенге дейін жұмыс уақытынан тыс кезінде, көрші үйде қонақта болған әскери полиция қызметкері кіші сержант Қанашев Ерлік Ерікұлы үйдің терезесінен қалың түтінді байқап, бірден сол жаққа бет алған. Жағдайды қысқа бағалағаннан кейін Е. Қанашев түтінге оранған үйге кіріп, 84 жастағы әйелді құтқарды. Әйелді құтқарғаннан кейін Е. Қанашев үйдің ішінен газ баллонын шығару үшін қайта оралып, осылайша жарылыстың алдын алды.
Сағат 16: 11-де ТЖД қызметкерлері жалпы ауданы 5 шаршы метр болған өртті толығымен сөндірді. Өрттің алдын ала себебі пешті пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау болды.
Осы өртте Е. Қанашев өз өміріне төнген қауіп-қатерге қарамастан, азаматтық сана мен батырлық көрсетіп, үй иесін құтқарды.
Жетісу облыстық ТЖД облыс тұрғындары мен қонақтарын тұрмыста өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады.