Ел Президентінің жұмысшы мамандықтар жылы жөніндегі бастамасы аясында Жетісу облысындағы колледждерде сұранысқа ие жаңа мамандықтарды ашу жұмыстары жалғасуда, BAQ.KZ.
Атап айтқанда, өңірде «Жаңа мамандықтар атласы» бекітілді. Онда еңбек нарығы мен өңірдің экономикасын дамыту талаптары ескеріле отырып, 5 негізгі бағытқа – ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, туризм индустриясы, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, энергетика және жаңартылатын энергия көздері салаларына бағдарланған. Мәселен, өткен оқу жылында өңірдің 11 колледжінде 13 жаңа мамандық ашылса, биыл тағы 14 мамандық ашылады.
Жетісу облысында техникалық және кәсіптік білім берудің мазмұнын жаңарту, сапасын арттыру, сондай-ақ жұмысшы мамандықтарының имиджін көтеру бағытында жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі іс-шаралардың кешенді жоспары бекітілді. Сондай-ақ, «Жаңа мамандықтардың өңірлік атласы» әзірленді. Облыс экономикасында басымдық берілетін 5 салаға талдау жүргізіліп, жаңадан пайда болған, өзгерген, жойылып бара жатқан және аса тапшы кәсіптер анықталды. Экономика салаларының басым бағыттарына білікті мамандарды даярлау үшін 2024-2025 оқу жылында облыста 240 білім беру бағдарламасы әзірленді. Биылғы оқу жылында өңірдің 11 колледжінде сұранысқа ие 14 жаңа мамандық ашылды. Гидротехникалық мелиорация, Автоматтандырылған өндіріс жүйелеріне техникалық қызмет көрсету және жөндеу, мехатроник, хаус-шебер, техник-жобалаушы (сәулет), орман шаруашылығы, балық шаруашылығы, Жылыжай шаруашылығын ұйымдастыру т.б. кәсіп иелері. Өткен жылы материалдық-техникалық базаны нығайтуға жергілікті бюджеттен 475 млн. теңгеден астам қаржы бөлінгенін, ал биыл тағы 488 млн. теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр, - деді облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов.
Жаңа мамандықтарды ашып отырған оқу орындарының бірі – Талдықорған жоғары политехникалық колледжі.
Біздің колледжде 1 мың жарымнан астам студент 11 мамандық бойынша білім алуда. Бүгінге дейін біз ашқан жаңа мамандықтардың ішінде «Ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторы», «BIM техниктер» бар. Бұлар «Өңірлік жаңа мамандықтар атласына» енгізілген. Ал биыл мехатроника мамандығын ашып, электорника, робототехника, 3D басып шығаруды оқытамыз. Осыған байланысты екі ІТ компаниямен келісімдеріміз бар, - деді Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің директоры Шыңғыс Нұрғожаев.
Бұдан бөлек, облыстық білім басқармасының деректері бойынша, өңірдің кадрлық қажеттілігін қамтамасыз ету үшін 15 колледжде 80 кәсіпорынның өтінімдеріне сәйкес 25 мамандық бойынша 809 адамды нысаналы даярлау жүзеге асырылады. Бұл кәсіпорындар келісімшарт негізінде оқуды бітіргеннен кейін студенттерді міндетті түрде жұмысқа алады. Осы ретте өңірде 15 колледж дуальды оқытуды жүзеге асыруда.
Жетісу облысында жалпы саны 27 колледж жұмыс істейді, соның 21-і мемлекеттік, 6-ы жекеменшік. Оларда осы оқу жылында 13 901 адам білім алса, оның 10 155-і мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде, яғни тегін оқытылуда. Мемлекеттік тапсырыстың көп бөлігі техникалық мамандықтарға, яғни IT, құрылыс, инженерия, ауыл шаруашылығы және су шаруашылығына бағытталған. Жалпы оқу орындары ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету саласы, құрылыс, машина жасау, сондай-ақ техникалық, педагогикалық, заң, экономикалық, медициналық бағыттар бойынша 70 мамандық және 113 біліктілік бойынша кадрлар даярлайды.