Жетісу облысындағы ауыл мектебінің базасы жаңартылды

30 Желтоқсан 2022, 17:01
1839
Бөлісу:
Жетісу облысындағы ауыл мектебінің базасы жаңартылды

Жетісу облысы І.Жансүгіров ауылында Есмұрат Сиқымов атындағы орта мектеп мектеп жанындағы интернатында 22 оқу кабинеті мен шеберхана жарақтандырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ауыл мектебі «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Білім беруді тұрақты дамыту қорымен серіктестікте іске асырып жатқан «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасына енді. Жоба бойынша «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен оқу орнының материалдық-техникалық базасы толығымен жаңартылды, ал мектеп оқытушылары оқудан өтіп, Назарбаев зияткерлік мектебінің (НЗМ) мамандарынан әдістеме алды. 

Жетісу облысындағы ауыл мектебінің базасы жаңартылды

Жалпы 22 оқу кабинеті мен қосымша білім беру шеберханалары – STEM-зертхана, АРТ-студия, телестудия, оқушыларға арналған коворкинг аймағы бар кітапхана жабдықталды. Материалдық базаны жаңарту үшін Қордан 249 млн 825 мың теңге бөлінді. Сонымен бірге «Beeline Қазақстан» компаниясы – жоба донорларының бірі. Мектепте 53 мұғалім жұмыс істейді, 402-ге жуық оқушы оқиды.

«Заманауи білім беру жаңа тәсілдерді талап етеді және балаларды тәрбиелеуге де, оқыту сапасына да өз талаптарын қояды. Бұрын оқушының барлық тапсырмаларды толығымен орындауы маңызды болатын. Жаңа әдіс балаға оның талантын, қабілеттерін ескере отырып бейімделеді, дамуға белгілі бір еркіндік пен кеңістік береді. «Ауылдық өңірлердегі тірек мектептердің әлеуетін арттыру» бірлескен жобасы аясында Білім беруді тұрақты дамыту қоры мен НЗМ жобасының серіктесі жүргізген тәжірибе алмасу мұғалімдерімізге көп нәрсені үйретті. Тек оқушы үшін ғана емес, мұғалімнің өзі үшін де оқу процесі анағұрлым тиімді әрі жеңіл бола түсті», – дейді мектеп директоры Рахат Нығметбекқызы.

«Қазақстан халқына» қорының мақсаты бойынша Е.Сиқымов атындағы мектеп құзыреттілік орталығына және жақын маңдағы шағын комплектілі мектептер үшін тірек мектеп атануы керек. Материалдық-техникалық базаны нығайту, әдіснамалық көмек көрсету оқушылар мен ұстаздардың тәжірибелік білімдері мен дағдыларын арттыруға мүмкіндік береді. 

Жетісу облысындағы ауыл мектебінің базасы жаңартылды

«Beeline қаражатына «Қазақстан Халқына» қоры арқылы елдің әр түрлі өңірлеріндегі сегіз мектеп жабдықтармен жарақтандырылады және заманауи сыныптармен жаңарады. Соның ішінде Жетісу облысындағы мектеп те бар. 2020 жылдан бастап, серіктестермен бірлесіп, біз «250+» жобасын іске асырудамыз. Оның арқасында Beeline мобильді интернеті мен байланысы 1500 астам ауылда қосылды. Енді осы ауылдардың тұрғындары қала тұрғындарымен тең қолжетімді интернетті қолдану мүмкіндігіне ие. Тірек мектептерін дамыту жобасы ауылдық балаларға сапалы бәсекелес білім алуын қамтамасыз ете отырып, тең мүмкіндіктерді құруға ықпал етеді. Сондықтан Beeline Қазақстан осы бастаманы қуана қолдайды», – деді компанияның бас атқарушы директоры Евгений Настрадин. 

«Қазақстан халқына» қорының серіктестері – Білім беруді тұрақты дамыту қоры және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ мамандары мектептегі білім беру ортасы мен оқыту сапасын талдау бойынша жұмысты аяқтады. Талдау нәтижелері мектепті тірек ретінде дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін пайдаланылады. Сондай-ақ ұстаздарға арналған оқу пәндері бойынша тағылымдама, оқыту курстары мен бағдарламасы ұйымдастырылды. 

Жетісу облысындағы ауыл мектебінің базасы жаңартылды

«Ең алдымен, Қазақстан халқының басым бөлігі ауылдық жерде тұратынын ұмытпауымыз керек. Сондықтан ауыл оқушылары қала балалары сияқты түрлі мүмкіндікке ие болуы керек. Бүгінде біз тірек мектептерді дамытумен айналысамыз, өйткені онсыз ауыл білімін көтеру тіптен мүмкін емес. Жоба қазір Қазақстанның 17 облысын қамтиды, онда 13 000-ға жуық бала оқып, 2 000-ға жуық мұғалім жұмыс  істейді», – дейді Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев. 

Жетісу облысындағы ауыл мектебінің базасы жаңартылды

Еске салсақ, Қор «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасын іске асыра бастады. Бағдарламаның мақсаты – еліміздің мықты мектептерімен тығыз әріптестікте тірек ауыл мектептерін дамытудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ ауылдық мектептерді материалдық-техникалық жарақтандыру және педагогтердің кәсіби дамуында тең жағдайлар жасау есебінен аумақтық және әлеуметтік-экономикалық белгілер бойынша білім беру сапасының алшақтығын қысқартуға жәрдемдесу. 17 ауыл мектебін жабдықтау жоспарланған. Бұл мақсатқа 4 млрд 250 млн теңге (1 мектепке 250 млн теңге есебінен) бөлінген. Бүгінгі таңда Ақмола (Қатаркөл а., Досов ат.ом.), Павлодар (Ертіс а., № 1 Ертіс ом) Қостанай (Сарыкөл а., Урицкий ом.), Қарағанды (Ақтоғай а., К.Байсейітова ат.ом.), Абай (Аягөз қ., Қалалық көпбейінді қазақ мектеп-гимназиясы), Ұлытау (Ұлытау а., Ұлытау жалпы білім беретін ОМ. №1), Шығыс Қазақстан (Марқакөл а., №1 ом), Жетісу (Жансүгіров а., Е.Сиқымов ат.ом) облыстарында 8 тірек ауылдық мектеп жарақтандырылып, ұстаздарға арналған оқыту курстары мен тағылымдама түрінде әдіснамалық қолдау көрсетілді.

Өзгелердің жаңалығы