Жетісу облысында патрульдік полиция қызметкерлері жылдам әрекет етуінің арқасында трассада өртене бастаған жүк көлігін толық жанудан сақтап қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға Үшарал қаласы маңындағы тас жолда болған. Полиция капитаны Айдын Газизов пен аға лейтенант Темірлан Нұрланұлы Нұрбопа патрульдеу кезінде жүргізушілердің дабыл қаққанын байқап, бірден оқиға орнына жеткен.
Келген сәтте жүк көлігінің дөңгелегінен қою түтін шығып, жалын тарай бастаған. Полицейлер өрт сөндірушілер жеткенше қызметтік көліктегі өрт сөндіргіштермен және қолда бар құралдармен өз күштерімен отты өшіріп үлгерді.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрт тежегіш жүйесінің ақауынан шыққан. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Тәртіп сақшыларының жедел әрі үйлесімді іс-қимылы жалынның кабинаға таралуына жол бермеді.
Жүк көлігінің жүргізушісі дер кезінде көрсетілген көмек үшін полиция қызметкерлеріне алғысын білдіріп, олардың әрекеті көлікті ғана емес, адам өмірін де сақтап қалуы мүмкін екенін атап өтті.
Айдын Газизов пен Темірлан Нұрланұлының бұл қадамы – батылдық пен борышқа адалдықтың жарқын үлгісі. Оқиға полиция қызметкерлерінің кез келген жағдайда көмекке келуге дайын екенін тағы бір дәлелдеді.