Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде Жетісу облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ерлан Раймбековтың қатысуымен брифинг өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Кездесуде заңсыз келген адамдарды анықтау және депортациялау мәселелері, сондай-ақ 2024 жылғы көші-қон қызметінің жұмыс қорытындылары талқыланды. Көші-қон қызметінің мәліметінше, өткен жылы Жетісу облысында “eQonaq” ақпараттық жүйесі арқылы 27 815 шетелдік азамат тіркелген.
Бұл жүйе келген адамдардың цифрлық есебін жүргізуге және көші-қон заңнамасының ықтимал бұзушылықтарын уақытылы анықтауға мүмкіндік береді. 2024 жылдың 12 айында әртүрлі құқық бұзушылықтар бойынша 6 282 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Олардың ішінде: 3 688 – Қазақстан Республикасының азаматтары, 2 594 – шетелдіктер. Көші-қон қызметкерлері анықтаған негізгі құқық бұзушылықтар: көші-қон заңнамасын шетел азаматтары немесе азаматтығы жоқ тұлғалардың бұзуы – 2 366 факт, Қазақстан Республикасында тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжатсыз тұру – 2 789 факт.
Көрсетілген кезеңде сот шешімімен 148 шетелдік азамат елден шығарылды. Жетісу облысының көші-қон қызметі көші-қон заңнамасының бұзылуын анықтау және алдын алу бойынша белсенді жұмысын жалғастыруда. Әсіресе, процестерді цифрландыруға ерекше көңіл бөлініп отыр, бұл шетелдік азаматтардың қозғалысын тиімді бақылауға және заңсыз тұру фактілеріне уақытылы әрекет етуге мүмкіндік береді.
Полиция қызметкерлері шетел азаматтар мен жұмыс берушілерді көші-қон ережелерін сақтауға шақырады, ал шетелдіктерге қажетті құжаттарды уақтылы рәсімдеуді ескертеді. Әйтпесе, құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке, тіпті елден депортациялануға дейін тартылады.