Жетісу облысында жолаушылар мінген микроавтобус жолда кетіп бара жатқан жүк көлігінің тіркемесіне соғылды. Апат салдарынан екі адам оқиға орнында көз жұмып, тағы 10 жолаушы жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Жол-көлік оқиғасы 17 қазанда сағат 09:30 шамасында Алматы – Өскемен тасжолының 143-шақырымында, Кербұлақ ауданына қарасты Жоламан ауылының маңында болған. Апат туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады.
Жетісу облысының полиция департаменті мәліметінше, «Мерседес-Бенц Спринтер» микроавтобусы оңтүстік бағытта қозғалған. Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші сол бағытта келе жатқан КамАЗ жүк көлігінің тіркемесіне соғылған.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам оқиға орнында көз жұмды. “Спринтер” микроавтобусының тағы 10 жолаушысы түрлі жарақатпен медициналық мекемеге жеткізілді, – деп мәлімдеді полиция.
Микроавтобус жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір полицейлер апаттың себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.