Ескелді ауданының №6/6 жедел жәрдем бригадасы шақыртудан қайтып келе жатқанда, Текелі жақтағы тас жолда жанып жатқан үйді байқаған, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, фельдшерлер Ғабит Ерғажы, Дамира Рахимова және жүргізуші Мұрат Сәтеков бірден іс-қимылға көшкен. Олар тоқтап, сирена мен жарық сигналын қосқан.
Олардың сөзінше, үй жабық болған, ішінен ешқандай тіршілік белгілері байқалмаған. Бірақ бригада оған қарамастан, ұйықтап жатқан тұрғындарды оятып, барлығына далаға шығуға көмектескенше терезелер мен есіктерді ұрғылады.
Үйде 5 ересек адам мен 2 бала, оның ішінде омыраудағы бала бар екен. Адамдар құжаттарын ғана алып үлгеріп, жалын құшқан үйден қашып шыққан.
Адамдарды құтқарғаннан кейін бірнеше минуттан кейін үй толығымен өртеніп кеткен.