Биыл Жетісу облысының аудан-қалаларында жылумен жабдықтаудың бірнеше маңызды жобасы іске асырылады, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл ретте Талдықорған қаласында қуаты 49 Гкал/сағ болатын қазандықтың құрылысы қолға алынса, жеке инвестиция есебінен "Басқуат" қазандығының базасында газ турбиналық станция салынуда. Бұл жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде қазіргі кезде жыл бойы жұмыс істейтін аталған қазандықтың жүктемесін тағы 30% азайтуға мүмкіндік туады. Атап өтсек, бұған дейін қаладағы жылу желілерін қайта жаңғырту және нысандарды кварталдық қазандықтарға қосу есебінен "Басқуаттың" жүктемесі 12% төмендетілген.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, өңірде 2024-2025 жылғы жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. Өңірдегі әлеуметтік саланың 1330 нысанына және 1682 көп қабатты тұрғын үйге жылу үздіксіз беріліп келеді. Облыстың жылумен жабдықтаушы кәсіпорындары мен бюджеттік сала объектілері түгелдей отынның нормативтік қорымен қамтылған. Өңірде халықтың жылыту маусымындағы көмірге деген қажеттілігі 428,5 мың тонна. Бүгінге дейін аталған қажетті көлемнің 98%-ы тұрғындарға сатылды. Жылыту маусымына дайындық барысында 2 турбинаға, 40 қазандыққа, 156 км су құбыры желісі мен 13,5 км жылу жүйесіне, 1,1 мың км электр желісіне және 134 трансформаторлық қосалқы станцияларға жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Биыл жылу жүйесінің бірқатар жобасы қолға алынады. Мәселен, жеке инвестиция есебінен Талдықорғандағы "Басқуат" қазандығының базасында қуаты 26 МВт электр энергиясын және 19 Гкал/сағ жылу энергиясын беруге жететін газ турбиналық станцияның 1-ші кезегін келесі жылыту маусымына дейін іске қосу жоспарланған. Жоба 5 кезеңде жүзеге асырылады. Оны іске асыру нәтижесінде 315 МВт электр және 252 Гкал/сағ жылу энергиясы өндіріледі. Жоба 2027 жылы толық аяқталды деп күтілуде. Сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен Текелі қаласында қуаты 21 МВт болатын жаңа бу-газ қондырғысын орнату арқылы қолданыстағы ЖЭО-ны жаңғырту және кеңейту жобасының бірінші кезеңін іске асыру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, бюджет қаржысы есебінен Талдықорған қаласында қуаты 49 Гкал/сағ болатын қазандық салынып жатыр. Оның құрылысы 2025 жылғы қазан айында, яғни келесі жылыту маусымы басталғанға дейін бітеді деп жоспарланып отыр, – делінген облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының хабарламасында.
Жалпы өңірде орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінде жалпы қуаты 540 Гкал/сағ болатын 24 негізгі энергия объектісі жұмыс істейді. Жылу желілерінің ұзындығы - 393 км.
Еске салсақ, биылғы жылыту маусымының қарсаңында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік осал топтар санатындағы отбасылар тұратын 1039 жеке тұрғын үйге улы газды анықтайтын датчиктер қойылды. Ал 2022-2024 жылдар аралығында осындай датчиктер 5 мыңға жуық үйге орнатылған болатын.