Жетісу облысында полиция, прокуратура және ҚР ҰҚК Шекара қызметі бірлесіп жүргізген жедел іс-шаралар барысында киік мүйіздерінің заңсыз айналым арнасы анықталды.
Polisia.kz-тің жазуынша, арнайы операция Панфилов ауданы аумағында өтті. Нәтижесінде 6 күдікті ұсталды. Тексеру кезінде сыртқы белгілері бойынша киік мүйізіне ұқсас 1,6 мыңнан астам зат тәркіленді. Олардың жалпы салмағы 500 келіден асады.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, аталған өнімдердің заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді. Осылайша сирек кездесетін жануарлардың дериваттарын заңсыз өткізу арнасының жолы кесіліп, жануарлар дүниесіне келтірілуі мүмкін залалдың алдын алу қамтамасыз етілді.
Аталған дерек бойынша сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлармен және олардың бөліктерімен заңсыз айналысу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын, өткізу арналары мен іске қатысы бар өзге тұлғаларды анықтап жатыр.
Полицейлер браконьерлік пен жануарлар дүниесі объектілерінің заңсыз айналымына қарсы күрес тұрақты бақылауда екенін атап өтті.