Жетісу облысы Алакөл ауданында қар құрсауында қалған адамдар құтқарылды. 112 пультіне Жайпақ ауылының маңында бір автокөліктің қарға батып қалғаны туралы хабарлама түскен, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар қар құрсауында қалған жеңіл автокөлікті анықтады. Көлік ішінде 4 адам, оның ішінде бір бала болған.
Құтқару жұмыстары нәтижесінде автокөлік қауіпсіз жерге жеткізілді. Зардап шеккендер жоқ, медициналық көмек қажет болмады.
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарды жолға шығар алдында ауа райы болжамын мұқият бақылауға және тас жолдарда қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады.