Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңірге жұмыс істеуге келген дәрігерлерге қандай жағдай жасалатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әкім өңірде кадр тапшылығы барын мойындады. Исабаевтың сөзінше, оның екі себебі бар.
Бұрын келген кезде тұрғын үйі жоқ, екінші жәрдемақы берілмейді, берілсе де аз еді. Ауылдағы дәрігерлердің жалақысы былтырға қарағанда өсті, бірақ жетіңкіремейді, сол себепті келмейтін. Біздің облыста 341 дәрігер тапшы болған, мәселені шешу үшін ауылдық жерге көшіп келген дәрігерге биыл 1 қаңтардан бастап бюджеттен 10 млн теңге көтерме ақша беріледі. Егер де ерлі-зайыпты дәрігерлер көшіп келсе, 20 млн теңге жәрдемақы беріледі, - дейді Бейбіт Исабаев ОКҚ-да өткен брифингте.
Әкімнің сөзінше, кадр мәселесі 1-2 жылда шешімін табады.
Келесі жылдың бюджетінде қалалық жерге келген дәрігерлерге 5 млн теңге, ауылға барған дәрігерлерге 10 млн теңге жәрдемақы беру қарастырылған. Меніңше, кадр тапшылығы бір-екі жылдың ішінде шешімін табады, - дейді өңір басшысы.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, өңір әкімі Бейбіт Исабаев ОКҚ баспасөз конференциясында Жетісу облысында қант саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін айтты.