Жетісу облысы тарихында тұңғыш рет эстрадалық-симфониялық оркестр құрылды

28 Мамыр 2023, 09:36
1249
Бөлісу:
Жетісу облысы тарихында тұңғыш рет эстрадалық-симфониялық оркестр құрылды
Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оның материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 14 млн. теңге бөлінбек, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Құрамында ішекті, үрмелі, ұрмалы аспаптарды ойнайтын 30 музыканты бар ұжым бүгін өнерсүйер қауымға Талдықорғанда концерттік бағдарламасын ұсынды. Жетісулықтарды осы қуанышты оқиғамен облыс әкімі Бейбіт Исабаев құттықтады.

Жетісу облысының мәдениетінде үлкен жаңалық. Екі айдың ішінде эстрадалық-симфониялық оркестр құру оңай емес. Бүгінгі алғашқы концертте музыканттар мен жеке орындаушылар көрермендерге таланттарын паш етті. Өнерлі ұжымға үлкен алғысымды айтамын. Талдықорғанда құрылған оркестр болашақта әлемнің үлкен сахналарында өнер көрсетіп, дүниежүзі халқын тәнті етсін деп  тілеймін, - деді Б.Исабаев.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің ақпаратынша, концертте Шәмші Қалдаяқовтың, Нұрғиса Тілендиевтің, Жаяу Мұсаның, Нұрлан Байгөзовтің, Франческо Сарторидің, Әли Алпысбаевтың жалпы саны 13 шығармасы орындалды. 

Аталмыш өнер ұжымы облыстық филармониядағы «Big band» эстрадалық оркестрінің базасында жасақталды. Оркестрді сапалы кадрлармен қамтамасыз ету үшін облыстың талантты музыканттары тартылып, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясының және Чайковский атындағы музыка колледжінің биылғы түлектері қатарындағы жас музыканттар өңірге шақыртылуда. Оркестрдің көркемдік жетекшісі – Мәдениет саласының үздігі Данияр Жақиянов, дирижері – Қайрат Халықов, композиторы – талантты музыкант Илья Башкатов.   

Өзгелердің жаңалығы