Жетісу мектептерінде құқық жұмысы жөніндегі 108 ментор жұмыс істейді

4 Қыркүйек 2024, 21:27
495
Бөлісу:
Жетісу мектептерінде құқық жұмысы жөніндегі 108  ментор жұмыс істейді
Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жетісудың барлық аудан орталығындағы және Текелі қаласындағы мектептерде жаңа оқу жылынан әдеп және құқық жұмысы жөніндегі менторлар жұмыстарына кірісті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі мәліметінше, бұл жоба пилоттық режимде өткен оқу жылында Талдықорған қаласында, жаңа жылдан Панфилов ауданында басталған болатын. Осылайша жоба тұтас облысты қамтып отыр.

Жаңа оқу жылында іске кіріскен 40 ментордың қатарында жас маман Саян Нүсіпжанов та бар. Ол бұған дейін құқық қорғау саласында жұмыс істеген. Жасөспірімдер тәрбиесіне қатысты жаңа жоба қолға алынғанын естіген жас маман Көксу ауданы Балпық би ауылындағы Қадырғали Жалаири атындағы мектеп-гимназиясының менторы болуға ниет білдірген.

Жаз бойы басқа да мамандармен бірге дайындықтан өтіп, психология бағытындағы семинар-тренингтерге, сол сияқты Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент өкілдерінің оқыс жағдайларда қалай әрекет етуді үйрететін сабақтарына қатыстық. Сонымен бірге өткен жылдан бері менторлықта жұмыс істеп келе жатқан мамандар тәжірибе бөлісті. Бұл оқушылармен нәтижелі жұмыс істеуімізге, бүгінгі заманғы өзекті мәселелерді тиімді шешуге өзінің оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын, - дейді Нүсіпжанов.

Әдеп және құқық жұмысы жөніндегі менторлар бүгінгі заманғы өзекті мәселелерді ескере отырып, 9 бағытта, атап айтқанда балалар мен жасөспірімдердің құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, нашақорлықтың, лудоманияның, суицидтің, буллингтің, кибербуллингтің, зорлық-зомбылықтың барлық түрінің алдын алу бағыттарында жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар салауатты өмір салтын насихаттау, кәсіптік бағдар беру, сондай-ақ шығармашылық ойлауды және қаржылық сауаттылықты арттыру т.б. бағыттарға ерекше назар аударылады.

Бүгін 7-сынып оқушыларына алғашқы таныстық сабағын өткізген Саян Нүсіпжанов балаларға ментор дегеннің кім екенін, оның немен айналысатынын түсіндіріп, өзіне кез келген өмірлік жағдайларға қатысты жүгінуге болатынын жеткізді.

Жетісу облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ілияс Түстікбаевтың айтуынша, қазіргі кезде өңір мектептерінде 108 ментор жұмыс істейді.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың бастамасымен өткен жылы Талдықорған қаласының, ал жыл басынан бері Панфилов ауданының мектептерінде әдеп және құқық жұмысы жөніндегі менторлық пилоттық жобасы басталған болатын. Бұл жоба өзінің тиімділігін көрсетті. Мәселен, Полиция департаментінің ақпаратына сәйкес аталған өңірлерде жасөспірімдер қылмысы 4 есеге төмендеген. Осыған байланысты биылғы жаңа оқу жылынан бастап барлық аудан орталықтары мен Текелі қаласындағы мектептерге де ментор мамандарды енгізу туралы шешім қабылданды. Қазір менторлар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыстарына кірісті, - деді Түстікбаев.

Менторлық жұмысқа педагогтар, психологтар, заңгерлер, құқық қорғау органдарының ардагерлері, журналистер т.б. мамандық иелері тартылды. Олар менторлық қызметке әңгімелесу түріндегі іріктеу конкурсынан өтіп, қабылданды.

Өзгелердің жаңалығы