Жетісу ауылдарын су басуы мүмкін

19 Наурыз 2024, 09:50
745
Бөлісу:
Жетісу ауылдарын су басуы мүмкін
Фото: автордан

Жетісуда су басу қаупі бар 31 елді мекен тіркелген. Мамандар 22 ауылға құтқару шараларын жүргізді. Бүгінде жоспарға сай жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ, халықтың үрейі басым, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қауіп әлі сейілген жоқ

Жетісудың бір дерті – көктем келе қар суының қауіп төндіруі. Былтыр кенет жауған жауыннан тау етегіндегі ауылдарды су басып, талай отбасы далада қалған еді. Одан бөлек, лай көшіп, қаза тапқандарды да көз көрді. Биылғы қыстың да қаһары қатты болды, ал көктемнің ауа райын әдеттегіндей түсініп болмайсыз. Бәріне дайын болуыңыз керек. Жалпы, апаттың айтып келмейтінін ескерсек, төтенше жағдайлар департаменті су тасқынына төтеп беруге дайын болуы шарт. Өңірде су тасқынын алдын алу үшін арнайы 57 гидропост қойылған. Атап айтсақ, «Қазгидромет» РМК – 29 және «Қазселденқорғау» ММ – 28 бекетке жауапты. Аталған департамент өкілдері тұрғындарды сақ болуға шақыруда.

Осы күні таулы аймақтарда қар жамылғысының биіктігі 56 см-ге дейін, топырақтың қатуы жазық жерлерде 66 см-ге дейін жеткен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда төмен. Мәселен ақ ұлпа 12 см-ге, ал топырақтың қатуы 14 см-ге түскен. Өзен арнасы ашық, дегенмен жағаларында аздаған мұз байқалады. Әзірге судың деңгейі, өтімділігі және лайлылығы нормаға сәйкес тұр. Жетісу Алатауы өзендерінің бассейндерінде ылғалдың жиналуы орташа көрсеткіштен 114 пайызға жоғары. Қар қоры былтырғымен шамалас. Қазір қардың жиналу үдерісі жүріп жатыр. Ғарыш сапарының жерді қашықтықтан зондтау деректеріне сәйкес, облыс бойынша қар жамылғысы 46 пайызды құрап отыр,- дейді ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ринат Тазабеков.

Қараңыз, Ескелдіге қарасты Абай және Ешкөлмес елді мекендерінде жүйелі жұмыстар жүруде. Былтыр осы екі ауыл біраз әбігерге салған болатын.

Одан бөлек Жаркенттегі Көктал-Арасан ауылы және Текелі қаласы бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде, ал Кербұлақтағы Малайсары және Панфиловтағы Қоңырөлең ауылдары бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Бұл іске демеуші болған азаматтар да бар. Мәселен, Үштөбе қаласы мен Арқарлы ауылдарын су тасқынынан сақтау үшін жергілікті азаматтар көмек қолын созуда.

Биыл су тасқыны кезеңіне алдын ала дайындық жүргізу мақсатында, «2023 жылғы жазғы-күзгі кезеңдерге арналған инженерлік жұмыстар жоспары» бекітілген болатын. Аталған жоспарға сәйкес, 2,7 км су бұру арналарын және 2 км қорғаныс дамбаларын салу және жөндеу, 3 км өзендер мен каналдарды механикалық тазарту, 4,2 км су тасқыны қаупі бар өзендердің арналарын тереңдету, түзету және жағалауды нығайту, сондай-ақ 2 су қоймаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, - дейді департамент өкілдері.

Біздің қолға түскен мәліметке иек сүйесек, өңір аумағында 92 км арық желісі, 66 км каналдар және автожолдарда 1728 су өткізу құбырлары қар мен мұздан тазартылған. Апатты ауыл-ауылдардан 18 мың текше метрге жуық қар шығарылыпты. Тұрғындар арасында 127 жиындар өткізіліп, 2 мыңнан астам жаднама парақшалары таратылыпты. Әрине, мұның бәрі ағымдағы жұмыс ретінде қарастырылады. Бірақ, халықтың үрейін баса алмайды.

Жетісу ауылдарын су басуы мүмкін

Селден жұрт секем алып отыр

Қазір өңірде арнасынан асып-тасып жатқан авариялық жағдайдағы су қоймалар жоқ. Ең қауіпті деген Ақешкіге-85 пайыз, Алмалыға-59 пайыз, Ащыбұлаққа-35 пайыз, Қызылағашқа-83 пайыз қар суы жиналған. Көктемнің алғашқы айы аяқталғанын ескерсек, таудағы қардың басым бөлігі еріп бітті. Дегенмен, күн күрт жылынып шағын сел жүрген ауыл-аймақтар бар. Мәселен Алакөл ауданына қарасты Қабанбай (5), Ақтүбек (1), Бескөл станциясы (19), Көктұма (4) ауылдары және Кербұлақ ауданына қарасты Қайнарлы (1) ауылы бойынша 30 жеке тұрғын үй ауласы су тасқынына ұшыраған. Автожол үстінен өткен лай су кербұлақтықтарды біраз әбігерге салыпты. Оның үстіне Ақсудағы су бұру каналындағы су деңгейі көтеріліп, маңайдағы жұрт уақытша басқа жерді паналауға тура келген.

Етекке қарай аққан қарғын су есік алдын басып қалады. Күн көзі бір мейірленсе болғаны, төбедегі күртік қар лезде еріп кетеді. Қайта күндіз ауланы су басып кетті. Түнде болғанда абдырап қалар едік. Көрші қолаң жиналып, ауланы судан тазарттық. Әкімдер арнайы техника әкеліп қар суын сыртқа ағызды. Әлі де қауіп сейілген жоқ. Былтырғы Текелідегі қайғылы оқиғадан кейін балаларды алаңдап қаламыз. Аяқ астынан күн ысыса көшеден аяқ алып жүре алмай қалғалы тұрмыз. Малға да обал. Қораны қанаш бітегенімен қар суы қоя ма?, - дейді Қабанбай ауылының тұрғынын Ерік Пірманов.

Абырой болғанда, су басу кезінде барлыққұралдар жұмылдырылып, тиісті шұғыл жұмыстар жүргізілген. Ауылда зардап шеккендер жоқ, үйлер мен ғимараттар да бүтін.

Құтқарушылардың айтуынша, су тасқыны жағдайының күрделенуі кезеңіне 95 тонна ЖЖМ қоры, 2,6 мың тонна инертті материалдар жүйеленген. Одан бөлек 49 мың қаптар дайындалып, 1056 жеке құрам, 264 техника бірлігі, 141 мотопомпалар, 165 қорғаныс киімдері және 7 жүзу құралы сақадай сай тұр. Ал әлдеқандай жағдайда зардап шеккен халықты уақытша орналастыру үшін білім беру және Мәдениетүйлерінің ғимараттарында 175 пункт әзірленген екен.

Көктем шалғайдағы елді мекендерден көмек сұраған ағайын көбейеді. Жетісу таулы өңір болғандықтан, ауа райының жылынуына байланысты апатты оқиғалар жиі тіркеледі. Алдағы уақытта температура + 7 + 10 градусқа көтеріледі. Біз жергілікті атқарушы органдармен су тасқынына бейім елді-мекендер ерекше бақылауға алуын сұраймыз. Әсіресе сәуір мен мамыр айлары ең қауіпті мезгілдер санатында. Көбініне Текелі қаласының, Ескелді ауданының тұрғындары көп алаңдайды, - дейді Жетісу облысы ТЖД ӨС және АҚЖҚ РММ КҚЖБО бастығы азаматтық қорғау аға лейтенанты Гүлзат Байбаракова.

Шыны керек, соңғы жылдары облыста көктем-жаз айларында, белгілі бір шектеулі таулы аумақта, жаңбыр түрінде жергілікті қатты жауын-шашынның мөлшерден көп түсу жағдайлары жиілеп кетті. Қазір мамандарды табиғаттың жылыну процессі толғантып отыр. Бұл өз кезегінде көлбеу ағындарының қалыптасуына негіз болып, салдарынан тау бөктерінде орналасқан елді-мекендерді су басу жағдайына әкеледі.

Өзгелердің жаңалығы