Жетісу ауылдарына педиатр, терапевт секілді мамандар қажет. Қазір шалғайдағы аудандардың өзінде дәрігер жетіспеушілігі білініп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Медпункт емес, маман қажет
Облыста маман тапшылығы әлі де өзекті болып қала бермек. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев аудан-аудандарды аралағанды алдынан шығатын мәселенің бірі медицина саласына қатысты. Мұнда ауыл тұрғындары заманауи медпункт, болмаса амбулатория, фельдшерлік-акушерлік орталықтардың жоқтығын емес, соның ішінде істейтін білікті маманның жоқтығын айтып, тілегін жолдайды.
Қазір сырқат түрлері көбейіп, вирустар мен инвекциялар алыстағы елді мекендерге де жетті. Сол инвекцияны алдын ала анықтайтын, қалаға қаралуға жолдама беретін дәрігердің жоқтығы ауыл халқының деңсаулық деңгейін төмендетіп отыр. Ауданға барғанмен де кейде халықтың көптігінен қажетті маманға қол жетпейді.
Кезекті тәуліктеп күтуге тура келеді. Оған мал баққан ауыл тұрғындары бара қоймайды. Сол себепті жақын маңдағы үлкен ауылдық округтерге болса да, анда-мұнда келіп тексеріс жүргізіп тұратын маман қажет.
Облыс көлемінде Ұлттық жобалар бойынша да мәселелер тұрақты комиссия отырыстарында тыңдалады. Солардың бірі денсаулық сақтау саласын дамытудың 2023 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы жайлы денсаулық сақтау басқармасының басышысын тыңдалды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында 4 бағытта жемісті жұмыс атқарылған. Олар:қолжетімді және сапалы медициналық көмек;эпидемиологиялық болжау мен ден қоюдың қазіргі заманғы жүйесін қалыптастыру; отандық өндірістегі қолжетімді дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар; салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін ұлғайту және бұқаралық спортты дамыту. Мысалы, қолжетімді медициналық көмек бойынша 509 пациент, оның ішінде 80 бала диспансерлік есепке алынған. Біз маман тапшылығына сай ауылдарға білікті дәрігерлерді жіберуді қолға алып жатырмыз, - дейді Жетісу облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар Тойлыбаева.
Қазір өңірге медициналық мамандарды тарту үшін арнайы қаржы беріп жатқаны белгілі. Мұны денсаулық сақтау министрлігі арнайы жоба ретінде облыстармен бірлесіп жүзеге асырып отыр. Ауылға баруға ниетті маманға 10 млн соммасында көтерме қаржы беріліп те үлгерді. Ал қалалық жерге орналасқан дәрігердің қалтасына 5 млн соммасында қаржы түседі.
Аталған ведомстваның мәліметіше, осы күні әлеуметтік қолдау пакеті мен қаржылық ынталандырудың нәтижесінде 9 дәрігер ауылда жұмыс істеп жатыр. Одан бөлек 16 дәрігер Талдықорғанға көшіп келген. 2024 жылдың аяғына дейін тағы да қосымша 50-ге тарта дәрігер көтерме ақша алады. Осы мақсатта бюджеттен 595 млн теңге қарастырылған.
Медицина саласына арналған жаңа нысандарды салумен қатар ішіне жақсы маман тартуды да ойластыру керек. Техникасы түгел, апараты заманға сай болғанымен оны пайдалана алмайтын біреу отырса, халықтың денсаулығын жақсартуды ойламаса, бізге ондай ғимараттың қажеті не? Ауылға, әсіресе шалғайдағы елді мекендерге дәрігер қажет. Шекаралық ауылдарға тіпті қиын. Олар ауданға не облысқа жетіп болмайды. Ауыра қалса қазаққы емге жүгінеді. Оның үстіне ауыл адамдары мал баққандықтан денсаулығына кқп мән бермейді. Осыны да дәрігерлер ойлауы қажет. Хабарласып айына бір қаралып тұруын міндеттеуі керек. Дәрігер жақсы болса ауданға не басқа қалаларға халық сабылмайды. Бір терапевт табу үшін Талдықорғанға барамыз. Ол жерге сенбей Алматы, Астанаға тартамыз. Осы алдымен білікті маманмен қамтуты ойлау керек, - дейді ауыл тұрғыны Есенкүл Болатбекқызы.
Облысқа білікті дәрігер әкелу оңай емес
Жыл сайын жақсы мамандарды өңірге тарту үдерісі жүріп жатыр. Оның үстіне кадр тапшылығын азайту үшін облыс әкімдігі үй беру мәселесінде қарастырып келеді. Ауылдарда жас мамандарға арнап тұрғын үйлер бой көтеруде. Қазір мемлекет тарапы да дәрігер болсын, не мұғалім болсын ақшаны аяп жатқан жоқ.
Ауылдың әлеуметтік деңгейін ғана көтіріп қоймай, денсаулығы мен білімін де шыңдау мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Мәселен, былтыр медицина бағытында кадр тапшылығы 8%-ға азайған.
Қаңтар айынан бастап осы күнге дейін медицина қызметкерлерінің кадрлық құрамы 76 дипломды маманға толыққан. Келген кез келген маман бірден жұмысқа тұра алмайды. Алдымен 3 айлық сынақ мерзімінен өтуі шарт. Содан кейін барып, жергілікті билікпен осы жерде кем дегенде 5 жыл еңбек етуге құжат жүзінде уәде беруі қажет.
Қазір өзім қатарлы жастар үлкен қаланы бағындырғысы келеді. Жайлы орындыққа, жақсы қызметке баруға ұмтылады. Ауылда қалып еңбек ету былайша айтқанда «мода» емес. Мәселе ақшада ғана емес секілді. Кейбір жастар айлығы көп жерді тастап Астанаға көшіп жатыр. Оларға қызық керек, әлде қатарынан қалғысы келмейді. Әрине үлкен қалада мүмкіндік көп. Бірақ бәріміз қалаға шоғырланып алсақ ауылдың жайы не болады. Мемлекет қаржы беріп отыр, қалаған көлігінді, қалаған үйінді ала аласың. Шетелге қыдырып та үлгересің. Дегенмен ауылда жұмыс үдерісі қаладағыдай емес. Халық денсаулығына салғырт қарайды, - дейді жас дәрігер Жансұлтан Елемесов.
Қараңыз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай, ауылдық жерлерге жұмысқа келетін аса тапшы мамандықтар бойынша медицина қызметкерлері 100 ЕТЖ немесе 8,5 млн теңге алады. Бұл ғажап сомма.
Бүгінде өңір көлемінде қаладан келген дәрігерлер 10 млн теңгеге дейін алған. Облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар Тойлыбаева айтуынша, аудандарды аралағанды дәрігер сұраған ауыл тұрғындары кездеседі. Мәселен оған Қойлық елді мекенінің жайы дәлел.
3 мыңға тарта тұрғыны бар ауыл халқы терапевт дәрігер керектігін жеткізді. Бұл мәселені біз ескере отырып, арнайы облыстық денсаулық сақтау басқармасына арнайы сауал жолдадық. Мұнда халықтың өтініші ескерілді. Қойлықтықтар аудандық емханаға жетудің әуресі көптігін айтты. Барса кезек күтеді екен. Сол үшін екі аптада болмаса бір аптада ауылға дәрігер келіп тұруын сұрады. Көп ұзамай бұл түйткіл шешімін тапты. Қазір аталған елді мекенге апта сайын дәрігер барып, халықтың денсаулығын бақылауға алады. Облысқа білікті дәрігерлер біртіндеп келіп жатыр, - дейді Г.Тойлыбаева.
Шынымен қазір, облысқа білікті дәрігер әкелу оңай емес. Жақсы мамандар жылы орнынан жылжығысы келмейді. Ал жастар қалаға қарай бет түзейді. Алыстағы ауылға барса, қараңғылыққа түсердей күй кешеді.
Ауыл тұрғындары тексерістен өтпейді
Ауыл тұрғындары медициналық тексерістен көп өтпейді. Тек ауырған кезде ғана барады. Одан қалды өңірде донор тапшылығы да білінеді. Мәселен, облыс аумағында 72 адам бүйрек, 4 адам бауыр және 2 адам жүрек трансплатациясын қажет етеді екен.
Кейбірінің кезегі жетпей өкінішке қарай дүние салуда. Өмірден өткен адамдардың отбасы донорлық қадам жасауға рұқсат етпейді. Ал шетел де мүлде басқаша. Мыңдаған адамның өмірі сол дүниеден өтер алды донор болуға келіскен науқастардың жомарттығына байланысты.
Бір донор оншақты адамды ажалдан арашалап қалады. Әрине, отбасының рұқсатынсыз болмайды. Біз қазір қайырымды жандарға мұқтажбыз. Трансплантацияға көрсеткіштер болған жағдайда тиісті комиссияға жіберу туралы шешім қабылдау үшін учаскелік немесе отбасылық дәрігерге тіркелген жердегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымына бірден хабарласуы керек. Әбден тексерістен өткеннен кейін барып, шешім қабылданады, - дейді облыстық аурухана директорының орынбасары Ғалым Елибаев.
Оның айтуынша, Жетісуда жатыр мойны обырымен ауыратын 575 әйел бар. Бұл өте қиын жағдай. Оған арнайы вакцинация қажет. Негізінде вакцина суспензия түрінде болады екен. Ол толығымен пайдалануға дайын және қосымша еріткіштерді қажет етпейді. Вакцинада белсенді вирустық антигендер жоқ. Қазір сол сырқаттардың алдын алу шаралары жүзеге асып жатыр. Әрбір тұрғынның денсаулығы маңызды.
Жетісу облысына 12134 доза вакцинаға тапсырыс берілді. Оның 6 мыңы бүгінгі күні облыстық қоймаға түсіп, қажетті мөлшерде аудандарға таратылды. Бұл вакцина мектептерде жасалады, дегенмен ата-аналардың қалауымен емханаларда да жасауға болады. Облыста медициналық ұйымдарда 200, мектептерде 230 егу пункті, 54 егу бригадасы ұйымдастырылды. Айта кетейік, жалпы өңір көлемінде АПВ ға қарсы екпемен 1994 қыз қамтылды, 11 жасар, 12-13 жасар. Біз екпе егуді қатаң бақылауғаалып, маңызын халық түсіну үшін жұмыстар істеп жатырмыз, - дейді Жетісу облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат Чарапиев.
Жалпы медицина мамандарының айтуынша, көбіне ауыл тұрғындары сырқаты асқынған кезде дәрігерге қаралады екен. Сондықтан алдын ала тексерістен өтуі қажет. Тіршіліктің соңына түскен адамдар өзіне қарауға уақыты болмайтыны түсінікті. Алайды денсаулық өзіңіз үшін керек дүние. Ақылы жерлерге болса да анализ тапсырып, қорытындысын дәрігерлерге көтеріп алу қажет.
Ауылда медбике ғана бар, ол қан ғана алады. Кішігірім сырқаттарға қарсы дәрі береді. УЗИ-ге түсіп, медициналық тексеру жасауға уақыт жетпейді. Оның үстіне малдан босай алмаймыз. Былтыр бір анализ тапсырғанмын. Майлы тамақ жемеуімді ескерткен. Оны жемесең тағы болмайды. Берген дәрілерін уақытында ішіп тұрамыз. Былтыр балалар дәрігерін табу қиын болды. Ауылда жоқ, тек қалада ғана бар. Ал қалаға жылыған баламен жету қиын. Әбден мазамыз кетті. Аудандық әкімдікке айтқанбыз ешкім дұрыс жауап бермеді. Бізге балалар дәрігері қажет. Себебі қазіргі балалар жиі сырқаттанады. Соларды уайымдаймын, - дейді Егінсу ауылының тұрғыны Ертай Пернебеков.
Шынында ауыл адамдары ауырған кезде ғана дәрігер іздейді. Оған қоса қажетті дәрігерде жанында болмағандықтан, қалаға баруға ерінеді. Содан кейін бәрі келіп қаржыға тіреледі. Оны да ойлаған жөн.