Жетісу 2 млн тонна өнім жинай ала ма?

18 Маусым 2024, 16:32
419
Бөлісу:
Жетісу 2 млн тонна өнім жинай ала ма?
Фото: автордан

Биыл өңірлік ауыл шаруашылық басқармасы жаңа рекорд жасауға бел байлап отыр. Егіс көлемін 525 мың гектарға дейін жеткізіп, өнім көлемін 2 млн тоннаға арттырмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шаруалар бұл көрсеткішке жету оңай емес деп отыр. Неге десеңіз ауа райының күрт ысуы көп қожалыққа кесірін тигізуде. Су мәселесі де қолбайлап болып отырған шағын шаруалардың жаңайқайы тағы бар.

Қазір күн қайнап тұр. Жиі-жиі суғармақ кейбір дақылдар шіріп кетуі мүмкін. Бақша өнімдерін қарау оңай емес. Биыл жөнді тыңайтқыш себе алмадық. Себібі қолымыз жетпеді. Су мәселесі де қиынға соғып тұр. Тамшылатып суару техникасын қолданбасақ көк шығынға батқалы тұрмыз. Күзде қалай өнім берерін көреміз. Әзірге бірнәрсе деп айту қиын. Бағымызға орай жауын-шашын жиі болып тұр, - дейді шаруа иесі Арман Айтепов.

Айта кетейік, жоспар бойынша жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 584 млрд теңгеден асады деп күтілуде. Биыл саланы қолдауға 35 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Оның 23,2 млрд теңгесі – субсидия. Мемлекеттік қолдау шаралары 2,5 мыңға жуық субъектіге көрсетілген.

Жалпы облыстағы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 524,8 мың гектарға жетіп отыр. 432,5 мың га жаздық дақыл, оның ішінде дәнді дақылдар – 309,3 мың га, майлы дақылдар – 90,4 мың га, қант қызылшасы – 12,6 мың га, картоп – 10,9 мың га, көкөністер мен бақша дақылдары 9,3 мың га егілді. Қазір шаруалар күтіп-баптау жұмысарын жүргізіп жатыр. Биыл мол өнім алуға мүмкіндік көп, - дейді басқарма басшысы Нұрдәулет Кененбаев.

Жыл басында қаңтар-сәуір айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 1,2%-ға артып, 57,8 млрд теңгені құраған еді. Қазір осы бағытта жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Қожалық иелері мелекет тарапынан көрсетілген көмекке дән риза.

Өзгелердің жаңалығы