Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Белгілі журналист Нартай Өтеген су тапшылығын көріп отырған Жетісайдағы дихандардың жанайқайын айтып, дабыл қақты.
Қазақстан бойынша бау-бақша өнімдерін алғашқылардың бірі болып шығаратын жетісайлық дихандар екені бәріне белгілі. Жақында ғана алғашқы өнім шықты деп жарияға жар салған ақпарат тарады. Қуандық. Бірақ, шаруалардың шын жан айқайы туралы бірі білсе, бірі білмейді. Дәл қазіргі уақытта дихандар су тапшылығын көріп отыр. Кезінде «шитті мақтаға көп су кетеді, одан да бақша өнімдерін егуге көшіңдер»- деген басшылардың сөзіне сенген аудан тұрғындарының проблемасы бәрі бір шешілген жоқ, - дейді Нартай Өтеген Facebook парақшасында.
Оның айтуынша, еккен дәнді-дақылдары толықтай шыққанымен, тура су керек кезінде оның жоқтығы халықты ашындырып отыр.
Су мәселесі жақын арада шешілмейтін болса, арты дүрбелеңге соқтыруы мүмкін дейді жиналғандар. Ал су мәселесін жергілікті билік түпкілікті шеше алмайтыны анық. Себебі, дәл осыны шешу үшін бір кездері құрылған халықаралық су корпорациясы қайда? Осы корпорация мемлекетаралық су мәселесін шешуге тиіс болатын. Егер ол жоқ екен, тиісті басшылар (облыстық, республикалық деңгейдегі) жылда қайталанатын проблеманы шешуге атсалыспай ма?! Айтып, айтпай не керек, Жетісайдағы шаруалардың жан-айқайын дереу шешпесе, барлары да, жандары да күйіп кетпек, - дейді ол.