Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы Жетісай ауданында 15 957 көпбалалы ана бар. Олардың ішінде 18 жасқа толмаған төрт және одан көп баласы бар аналар 7 869 болса, батыр аналардың саны - 369, «Алтын алқа» иегерлері – 1 682, «Күміс алқа» иегерлері – 5 288, 1-2 дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен марапатталғандар – 749.
Жетісай ауданына қарасты Жылы Су ауылдық округіндегі Сүттібаевтар отбасы көпке үлгі.
Бұл отбасының ерекшелігі түгелдей дерлік көпбалалы. Шаңырақтың ұйытқысы болып отырған Зәуре апа 13 құрсақ көтерсе, келіндері мен қыздары да ана жолын жалғастырып 7-8 перзентті болып отырған жайы бар.
Біздің кезде заман қиындау болды. Ол кездің аналарына қазіргідей жағдай жасалған жоқ. Перзенттерімнің жартысын өзім жаяу барып босансам, бір-екеуін үйде босандым. Жұбайым бір үйдің жалғыз баласы болды. Бар ойым күйеуімнің ұрпағын көбейту болды. Ешқандай баламды алдын-ала жоспарламадым. Құдайдың берген перзентін өмірге әкелдім. Осы күніме шүкір тәуба деймін. Адам ұрпағымен мың жасайды. Алла осы ұрпақтарымды аман етсін, - дейді Зәуре Сейдімбекқызы.
Қазіргі таңда Зәуре апамыз ұл-қыздарынан 75 немере, 26 шөбере мен 6 шөпшек сүйіп отыр.