Жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа тұжырымдамасы ауылды дамытуда елеулі рөл атқарады

14 Мамыр 2021, 12:36
3227
Бөлісу:
Жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа тұжырымдамасы ауылды дамытуда елеулі рөл атқарады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жергілікті өзін-өзі басқару институты еліміздің әлеуметтік, экономикалық және саяси өмірінің ажырамас бір бөлігі. Сондықтан да жергілікті өзін-өзі басқару институтын дамыту мәселесі зор маңызға ие. Елімізде Жергілікті өзін-өзі басқарудың 2030 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасы дайындалды. Сол жайында Ұлттық экономика министрлігінің Өңiрлердi талдау және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаментiнiң басқарма басшысы Жұлдыз Бораншина айтып берді.

Дербес бюджет, әкімдер сайлауы және есеп

Оның айтуынша, Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқарудың құқықтық негізі Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заң, сондай-ақ 2020 жылға дейінгі жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасымен реттеледі.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын іске асыру кезеңінде оны дамыту процесінде айтарлықтай қадамдар жасалды. Олардың негізгілері ретінде мынаны атап өтуге болады - ауылдық округ әкімдерінің сәйкес аудандар мен облыстық маңыздағы қалалар мәслихаттары арқылы жанама сайлауын енгізу, барлық деңгейдегі әкімдердің жыл сайын атқарған жұмысы, міндеттері мен елді мекенді одан әрі дамытудың негізгі бағыты, оларды шешудің проблемалық мәселелері мен жоспары туралы ақпарат беретін халыққа есеп беру кездесуін өткізу, 2345 аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округте жергілікті өзін-өзі басқару және коммуналдық меншіктің дербес бюджетін енгізу.

Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетін енгізудің арқасында әкімдер ауылдық округтің экономикалық әлеуетін дәл бағалауға, оның дамуын сапалы жоспарлауға және аудандық бюджетке жалтақтамай, жергілікті жерде жедел іс-шара өткізуге мүмкіндік беретін қаржы құралын қолға алды. Сонымен бірге, мемлекеттік басқару жүйесі жыл санап жетілдіріліп, едәуір өзгеріске ұшырауда, ол жергілікті өзін-өзі басқаруда көрініс беруде, - дейді Жұлдыз Бораншина.

Оның айтуынша, соның әсерінен, жергілікті өзін-өзі басқарудың қолданыстағы моделі назар аударуды талап етеді және оның толықтай жұмыс істеуіне кедергі келтіретін мынадай бірқатар мәселе бар - жергілікті мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының арасында мәртебесі, қызметі мен өкілеттігі бойынша нақты аражігінің болмауы, ауылдық округ әкімдерінің жоғары тұрған әкімдерге әкімшілік және қаржылық тәуелділігі, ауылдық округте өкілдікті органдардың болмауы жергілікті әкімдердің қызметін бақылау деңгейін төмендетеді.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында жаңа Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын әзірлеу қажеттігі туралы атап көрсетті. Қазіргі уақытта министрлік Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы жобасын әзірледі. Ол 2030 жылға қарай жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа моделін құруды көздейді, - дейді басқарма басшысы.

Бұл тұжырымдама бұрыңғыдан өзгерек...

Аталған тұжырымдама екі кезең бойынша іске асырылады. Оның біріншісі – 2021-2024 жылдар аралығында қолданысқа енгізілсе, екінші кезеңді іске асыру 2025-2030 жылдар аралығына жоспарланған.

Тұжырымдама жобасы шеңберіндегі негізгі реформаның бірі биыл екінші жартыжылдықтан бастап, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің, ал 2024 жылдан бастап, аудандық және қалалық деңгейдегі әкімдердің тікелей сайлауын енгізу.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы жобасының тағы бір маңызды аспектісі «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» жаңа заңды әзірлеу. Ол бәрінен бұрын мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін-өзі басқару деңгейлерінің арасындағы өкілеттіктердің ажыратылуына және жергілікті өзін-өзі басқару органдарын жетілдіруге бағытталған, - дейді ол.

Жұлдыз Бораншинаның айтуынша, тұжырымдама жобасына сәйкес, жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі органдарының бірі жергілікті қоғамдастық жиыны болады. Ол жергілікті маңызы бар өзекті мәселелерді шешіп, ауылды дамытудың басым бағытын айқындайды.

Ауылдық деңгейдегі жергілікті қоғамдастықтың қазіргі жиналыстарын қайта жаңарту жолымен өкілдікті орган қызметін атқаратын сайлау органы – Кеңес құру жоспарлануда. Кеңеске жергілікті өзін-өзі басқару бюджетін бекіту, оның орындалуын бақылау, сондай-ақ салықтар мен төлемдердің мөлшерлемелерін реттеу мүмкіндігі беріледі. Осындай жаңалықтарды тиімді іске асыру үшін жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің дербестігін бекіту қажет. Осыған байланысты бюджеттің төртінші деңгейіне қосымша берілетін салық пен төлем түрі белгіленеді, - дейді ол.

Осылайша, 2030 жылға қарай Тұжырымдама жобасы жаңа «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңмен реттелетін, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» саясатына сәйкес келетін және азаматтардың мүддесін сапалы іске асыратын жергілікті өзін-өзі басқару моделін құруды көздейді.

Өзгелердің жаңалығы