Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қостанай облысында биыл қаржыландырудың барлық көздері есебінен 379 мың шаршы метр немесе 3900 тұрғын үй салу міндеті тұр.
Биылғы І тоқсанда салаға 10,7 млрд теңге инвестиция бағытталған. Бұл - өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе көп қаражат. Осы кезеңде жалпы ауданы 85 мың шаршы метр болатын 867 тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде – 171 жеке үй.
Жалпы биыл "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Қостанай облысында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым және тұрғын үй құрылысына 14,6 млрд теңгеге 44 жоба іске асырылып, 2493 адам жұмыспен қамтылады.
Кредиттік немесе жалға берілетін 1909 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Оның ішінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 7 жобаны іске асыру үшін 2,5 млрд теңге қарастырылған. І тоқсанда бұл мақсатқа 248 млн. теңге аударылып, ол толықтай игерілген. Жыл соңына дейін жалпы ауданы 30,1 мың шаршы метр болатын 576 жалға берілетін пәтер пайдалануға беріледі. Халықтың аз қамтылған әлеуметтік топтарына, көп балалы отбасыларға берілетін ол баспаналардың құрылысына 487 адам жұмысқа тартылады.
Ал кредиттік тұрғын үй құрылысына 26 жобаны іске асыру үшін 8,1 млрд теңге қарастырылған. Оған 77,5 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 1333 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Ол жобаларды іске асыру үшін 1432 адам жұмыспен қамтылады.
Сонымен қатар, "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында 2%-бен несие берілетін «Бақытты отбасы» бағдарламасын жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен 142 тұрғын үй қарызына 1,4 млрд теңге қарастырылып отыр.
Облыста тұрғын үй құрылысы аудандарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізуге 11 жоба іске асырылады. Ол мақсатқа 4 млрд теңге бөлінеді. Аталған жобалар бойынша 574 жұмыс орны ашылады.