Жер комиссиясының құрылуы қордаланған мәселелерді шешуге мүмкіндік берді – Әли Бектаев

24 Сәуір 2021, 18:04
2167
Бөлісу:
Жер комиссиясының құрылуы қордаланған мәселелерді шешуге мүмкіндік берді – Әли Бектаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жер реформасы жөніндегі комиссия бір ай көлемінде жұмыс істеп, аптасына бір рет өзінің отырысын өткізе отырып көптеген қордаланған мәселені шешті. 

Бұл туралы Сенат депутаты Әли Бектаев жер комиссиясының бүгінгі шешіміне қатысты пікір білдірген кезінде айтты.

Оның айтуынша, жер комиссиясы өз жұмысын басынан бастап дұрыс ұйымдастырды. Екі жұмыс тобы құрылды. Бірінші топ экономикалық мәселе бойынша, екіншісі заңнамалық мәселе бойынша жұмыс жүргізді.

Олар комиссия мүшелері айтқан сан алуан пікірдің барлығын жинақтап, мамандарды шақырта отырып, тиісті деңгейде бірнеше мәжіліс өткізді. Кейінгі жер комиссиясының отырысында сол талқыланған мәселелердің тиісті бөлігін, заңға қайшы емес, халыққа қажетті болатын бөлігін шығарып отырды. Оны жер комиссиясы әр апта сайын сол жұмысшы топтардың ұсынысын ашық дауыс бере отырып, қабылдап отырды. Соның арқасында осы төрт отырыстың көлемінде жалпы жүзден астам ұсыныстар түсті, - деді сенатор.

Жер комиссиясының жұмысы нәтижесінде жер реформасына және халқымыздың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қатысты түйіткүлді мәселелер шешілген.

Солардың бірі халыққа қажетті жайылымдық жерге қатысты ортақ жайылымдарды ұйымдастыру, оны елді мекендегі оның ара қашықтығын анықтау, ортақ жайылымдарды қалыптастыру үшін жұмыс істемей жатқан жайылымдарды алып қою. Оған қоса жайылымдарды тиісті нормативпен, малдың санына қарай бөліп беруге қатысты біраз мәселе шешімін тапты, - деді ол.

Сонымен қатар ол комиссияның бүгінгі отырысында да бірнеше мәселе қаралғанын, оның бірі ашық кадастрды қалыптастыру мәселесі екенін айтты.

Бұл да көптен бері айтылып жүрген нәрсе. Электронды түрде жер кімге беріліп жатқанын, жер кімнің иелігінде екенін, қандай компаниялар немесе фирмалардың иелігінде екенін сол кадастр арқылы көрініп тұру жағдайына жеткізу мәселесі талқыланып, оң шешім қабылданды, - деді Бектаев.

Сонымен қатар ол комиссия отырысында жерді қазақстандықтарға жеке меншікке беру қажет пе, қажет емес пе деген мәселе қаралғанын айтты. Оны талқылау барысында да көптеген мәселе көтерілген.

Мысалы жерді 49 жылға жалға бергеннен кейін, мерзімі біткен соң жерді дұрыс игерген адамға сол жерді бірінші кезекте беру керек деген пікір айтылды. Ол өте орынды. Себебі жерді игерген адам ары қарай өзінің жалға алу мерзімі аяқталған соң да игере беруі керек. Онда ертең менен жерді тартып алып қояды деген сенімсіздік болмау керек. Екіншіден, жерді жалға алу құқығын нарықтық тәртіппен енгізу керектігі айтылды, - деді сенатор.
Еске салсақ, бүгін Жер реформасы жөніндегі комиссияның 5-отырысы өтті. Отырыс барысында Күрішбаев ауылшарушылық мақсатындағы жерлер ешкімге сатылмауы қажеттігін айтты.
Өзгелердің жаңалығы