Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қазақстан Республикасының жерді пайдалану және қорғау жөніндегі Бас мемлекеттік инспекторы Мұрат Теміржанов ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен брифингте айтты.
Жер учаскелерін беру жөніндегі конкурстарды өткізбегені немесе уақтылы өткізбегені үшін әкімдіктердің лауазымды адамдарына әкімшілік жауапкершілікті енгізу қарастырылған. 2018 жылы жер учаскелерін беру кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында Жер кодексіне әкімдіктерді бас тарту күнінен бастап тоқсан (90) күн ішінде беру туралы өтініштер келіп түскен жер учаскелерін аукционға шығаруды міндеттейтін өзгерістер енгізілді, - деді ол.
Теміржанов атағандай, әкімшілік жауапкершіліктің жоқтығынан әкімдіктер жер телімдерін аукционға шығару талаптарын орындамай, мерзімін айтарлықтай бұзуға жол беріп жатады.
Осыған орай, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жер телімдері бойынша конкурстарды өткізбегені немесе уақтылы өткізбегені үшін әкімдіктердің лауазымды тұлғаларына әкімшілік айыппұл салу бөлігінде өзгерістер енгізу туралы заң жобасы әзірленді. Осы норманы қабылдау ЖАО-ның кодекс талаптарын сақтауын қамтамасыз етеді, олардың жауапкершілігін арттырады, сондай-ақ жер учаскелерін беру процесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады, - деді ол.