Мәжілістің жалпы отырысының кулуарында Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов Павлодар облысында жер астына құлаған автобусты іздестіру жалғасып жатқанын, бірақ жағдай күрделі әрі қауіпті екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл мәселе өте күрделі әрі қиын. Себебі мамандар жердің түсірілімін жасағанда автобустың тұрған жерін болжады. Құрылғы ол жерде металл бар екенін көрсетті. Оған қоса бос кеңістік бар екені анықталды. Сондықтан біздің құтқарушылар мен өзге органдардан шақырылған мамандар өте күрделі жағдайда жұмыс істеп жатыр. Себебі күн суық. Ол құтқарушылардың өмірлеріне де қауіпті. Өйткені топырақ жылжыса, ол жердегі жұмыс істеп жатқан техника төмен түсіп кетуі мүмкін, - деді вице-министр.
Сыздықовтың айтуынша, барлық қауіпсіздік шарасы оқиға орнында сақталып жатыр.
Автобус болжамды жатқан жерге шетіне жақындады. 2 мың текше метр топырақ шығарылды. Енді эскалатор жұмыс істеп, ақырын топырақты шығарып жатыр, - деп айтты ТЖМ өкілі Мәжілістің кулуарында.
Сыздықов атағандай, адамдардың тірі қалуы жайлы болжамдар бар.
Оң болжам бар. Бірақ әзірге нақты күн мен уақытты атай алмаймыз. Жағдай күрделі, операция бірегей. Өте мұқият жұмыс істеуді қажет етеді, - деп атап өтті ол.
Жұмысы тоқтатылған «Майқайың-алтын» шахтасының маңында автобус жер астына құлап кеткен болатын. Екі адамның мәйіті табылды. Қалған адамдар іздестіріліп жатыр.