Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жеңіске 80 жыл: Естелікке айналған әке бейнесі

8 Мамыр 2025, 09:09
1298
Бөлісу:
 кейіпкердің жеке мұрағаты
Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты

Жетісу жерінен қан майданға аттанған батырлардың балалары әкелері жайлы айтудан жалықпайды. Сұм соғыстың азабын ұрпақтары да аз тартпады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жеңістің жаңғырығы

Даңқты дәуірдің естелікке айналғанына – 80 жыл толды. Ұлы ерлікті көзбен көргендер мен оның кесапатын сезгендердің естелігі жүрек толқытады. Ата-бабаларымыздың жанқияр ерлігімен келген жеңістің тарихи маңызы ұрпақ санасында мәңгілік сақталады. 

Сол бір отты жылдары ел басына күн туғанда жауға қарсы кеудесін тосқан жауынгерлердің арасында– Найманхан Мұқашев та бар еді. Ардақты әке жайлы естелікті көкірегімді кернеген сағынышпен, жүрегімді толқытқан терең құрметпен ақ қағазға түсті.

Әкем небәрі 18 жасында қан майданға аттанып, Отан үшін от пен оқтың ортасына түсті. Ұрыстағы ерлігі мен табандылығы үшін бірнеше рет мемлекеттік марапаттарға ие болды. Соғыс аяқталған соң елге аман оралғанымен, алған жарақаты өміріне өз ізін қалдырды – желкесіндегі жарықшақ әкемнің денсаулығына орасан зиянын тигізді. Ақырында сол жараның салдары 1976 жылы, 53 жасында мәңгілік мекенге аттануына себеп болды. Жеңістің 80 жылдық мерекесіне жете алмай кеткен асқар тауым – әкем, бүгін де жүрегімізде шексіз сағыныш пен мәңгілік құрметке ие, - дейді қызы Айтбала Мұқашева.

Найманхан ақсақалдың соғыстан кейінгі ғұмыры да өнегеге толы болды. Алакөл ауданы, Фурманов (қазіргі Үшқайың) орта мектебінде физика-математика пәнінің мұғалімі, кейін оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарды. Ол – сабырлы мінезімен, әділдігімен, терең білімділігімен көзге түскен ұстаз, жанашыр жар, қамқор әке, ауыл-аймаққа сыйлы азамат еді. 

Бізге – балаларына адамгершілік, адалдық, кешірімділік сынды ұлы қасиеттерді бойымызға сіңіріп өсірді. Әке тәлімі – өмір жолымызда шамшырақ болды. Бүгінде әрқайсымыз жоғары білім алып, қоғамға қызмет етіп келеміз. Алайда, әкенің жылылығы, даналығы, бар болмысымен үлгі болған бейнесі жүректе өшпек емес.

Сол бір сұрапыл соғыс жылдары тылда еңбек еткен анамыз Қайынжамал Нұрсатқызының еңбегі де елеусіз қалмауы тиіс. Ол ауылдағы өзге аналармен бірге қолына соқа ұстап, трактор айдап, майдандағы ер-азаматтарға барынша қолдау көрсетті. Бірі майданда, бірі тылда жүріп, ата-анамыз ел қорғау жолында қажырлы еңбек етті. Біз сол ерлікке бас иеміз. «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген халық даналығы бар. Осы тұста әкемнің жан жолдасы, соғыс ардагері әрі парасатты ұстаз болған Сүлеймен Данабеков аға жайлы айтпасқа болмас. Ол кісі Қарлығаш орталау мектебінде ұзақ жылдар директор қызметін атқарды. Өзім де ұстаздық жолымды дәл сол мектепте бастап, Сүлеймен ағаның қамқорлығын көп көрдім. Ол кісі маған үнемі: «Жақсының көзі, алтынның сынығысың, сен менің қызымсың» деп, ерекше мейіріммен қарайтын. Сол бір жүрегі кең, көреген жанның ақыл-кеңестері мен үшін үлкен мектеп болды. «Түсі жылыдан түңілме» деген аталар сөзі Сүлеймен ағаға қарап айтылғандай, - дейді қызы.

Жеңістің 80 жылдығы – ерлік пен естеліктің тоғысқан сәті. Бүгінгі бейбіт күнге жетуімізге себепкер болған барлық ардагерлер – құрмет пен қошеметке әбден лайық. Найманхан Мұқашев бастаған Биғали Оспанов, майдандағы құрдастары Сүлеймен Данабеков, Досымбек Нұрбосынов, Зауренбек Сіргебаев, Сахмет Жантубин, Базарбай Қошқаров сынды аңыз адамдардың рухына тағзым ете отырып, олардың ерлігін мәңгі есте сақтауға тиіспіз. Бүгінгі тыныштық пен азат өмір – сол бір қайсар жандардың өшпес ерлігі мен жанқиярлық еңбегінің жемісі. Ерлік даңқы ешқашан ұмытылмайды.

Әке жайлы жүрек толғанысы

Адамзат тарихындағы ең ауыр зұлматтың бірі – екінші дүниежүзілік соғыс екенін даусыз. Сол алапат қанды өрттің аяқталғанына 80 жылдың бедері болды. Бұл жеңіс халқымыздың маңдай тері мен жанқияр ерлігінің, ата-бабаларымыздың төккен қаны мен төзімінің арқасында келген қасиетті мереке саналады. 

Осы бір сұрапыл соғыс көптеген боздақты туған топырағынан алыста қалдырды. Олар жат жерде мәңгілікке көз жұмып, бүгінгі бейбіт күннің іргетасын қалады.

Менің туған ауылым – Көксу ауданына қарасты Қызылтоған да бұл зұлмат соғыстан сырт қалмаған. Бар-жоғы жиырма-отыз шаңырақтың өзін майданға бірнеше боздақ аттандырған. Бір үйден екі-үш ұл қатар кетіп, көбісі елге қайта оралмады. Біз осындай боздақтардың ерлігін ұмытпай, есімдерін ел есінде жаңғыртуға тиіспіз. Сол сұрапыл майданда қаза тапқан жерлестеріміз – Әбдіғали Әбейбекұлы, Атамқұл Жапабайұлы, Әбу Сәттібайұлы, Әбітай Науырызбайұлы, Қалибай Науырызбайұлы, Байсүгір мен Бексүгір Қамысбайұлдары, Бекжігіт Жаңбырбайұлы, Дінмұханбет Сарынұлы, Қыдырбай Мамекұлы және өзге де батырлардың рухына бас иеміз. Олар туған жерге жете алмай, майдан даласында ерлікпен көз жұмды, - дейді майдангердің ұлы Құрманғали Әбейбеков.

Шыны керек, жеңіс жалауы желбірегеніне 80 жыл өтсе де, сол күннің маңызы артпаса, кеміген емес. Уақыт алға жылжыған сайын жауынгерлердің ерлігі мен батырлығы биіктей береді. 

Ел үшін жанын қиған батырлардың жүріп өткен жолы – ұрпаққа өнеге, ұлтқа мұра. Жауынгерлікке жараған ерлермен бірге артында аңыраған ана, жесір қалған жар, тұл жетім болған бала да соғыстың зұлматын бірге көтерді. Бұл – ұмытылмас қанды тарих ретінде бағасы ұлы мейрам. Оны еске алған сайын қазақтың намысы оянады.

Суреттегі – менің кіші әкем, яғни Әбдіғали Әбейбекұлының суреті. Ол 1939 жылы әскер қатарына шақырылып, алғашқы борышын өтеп жатқанда соғыс басталып кетеді. 1943 жылдан бастап еш хабар болмады. Суреттен басқа естелік қалмады. Ол кісі әскерге кетпей тұрып үйленіп, бір қызды болады. Бағила есімді қызы небәрі алты жасында қызылшадан көз жұмыпты. Әкемнің жары – Рахила анамыз тағдырдың жазуымен кейін көрші ауылдың азаматы Нұрбек Оғарұлына тұрмысқа шықты. Сол некеден үш бала дүниеге келді: Бақытжан, Бауыржан, Батыржан. Олардың ішінде Батыржан Оңғаров Жетісу жастарының көшбасшысы болды, алайда 1992 жылы жол апатынан қапыда көз жұмды. Ал Бауыржан – қауіпсіздік саласының ардагері. 1991 жылы науқастанып жатқан Рахила анамыз: «Мынау сенің кіші әкеңнің жалғыз суреті, 51 жыл сақтап едім, енді саған аманат», – деп суретті қолыма ұстатты. Содан бері бұл сурет төрімізде ілулі тұр, - дейді Қ.Әбейбеков.

Оның айтуынша, майданнан аман оралғандар елге еңбегімен елеулі болды. Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде халқына қызмет етіп, ұрпағын тәрбиелеп өтті. Осы орайда майдангердің отбасының тарихынан сыр тарқатсақ.

Біздің әкеміз – Әбдуахап Әбейбекұлы 1941 жылы майданға аттанып, 1944 жылы ауыр жарақатпен елге оралады. Соғыстан алған жараның салдарынан 63 жасында өмірден өтті. Артында 4 ұл, 3 қыз қалды. Аллаға шүкір, ұрпағы өсіп-өніп, әр салада еңбек етіп жүр. Халқымыздың «Артыңда ұрпағың болса – өлмегенің» деген нақылы осыған дәлел, - дейді батырдың ұлы жүрек сөзін жеткізіп.

Тектілік пен табандылықтың символына айналған майдангер әкелеріміздің ерлігін мәңгі ұлықтау – парызымыз. Шәкен Аймановтың:

«Қайдасың, қайда кеттің, асыл әкем,

Ағарған бейнетпенен шашың, әкем.

Ақтармын ақ батаңды әрқашанда,

Кіргенше қара жерге басым, әкем…» деген жыр жолдары жүрекпен үндесіп тұр.

Майданда қан кешіп, тылда тер төккен аталар мен әжелерге бүгінгі ұрпақтың тағзымы – мәңгілік. Жеңісті жақындатуға аянбай еңбек еткен олардың рухына мың тағзым! Олардың арқасында бүгінгі аспанымыз ашық, өміріміз бейбіт. Тек елге тыныштық, ұрпаққа бақыт бұйырсын. Жеңіс күнінің шапағы мәңгілік болсын дегіміз келеді.

Елдің ертеңі үшін шайқасқан ұл

Бейбіт өмірдің шынайы қадірін сол тыныш заманда дүниеге келген ұрпақ толық сезіне бермесі анық. Өйткені қазақ «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деп бекер айтпаған. Ал біздің бүгінгі бейбіт аспан астында еркін өмір сүруіміз – ата-бабаларымыздың жанқияр ерлігінің арқасы. 

Олар ұрпақтың амандығы үшін «ақ білегін сыбанып, атой салып» майдан даласына аттанды. Екінші дүниежүзілік соғыс – күллі адамзат тарихындағы ең ауыр зұлмат. Әр ауылдың, әр отбасының қабырғасын қайыстырып, қаралы күнге айналған жылдар ешқашан ұмытылмақ емес.

1945 жылы Жеңіс туы желбірегенде бүкіл халықтың жүрегі шаттыққа толды. Бірақ бұл қуаныштың көлеңкесінде қаншама қайғы мен көз жасы жатқанын ұмытуға болмайды. Майданнан оралмаған боздақтар мен ауыр жарақатпен елге келген ардагерлердің тағдыры – халықтың жүрегінде мәңгілікке жазылып қалды. Жеңісті жақындатуға жанын салған батырлардың қатарында біздің де әкеміз – Садықан Текетбаев бар еді.

Садықан Текетбаев 1923 жылы Алматы облысы, Алакөл ауданы, Шарбақты ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып, 1939–1942 жылдар аралығында Обуховка сельпосында сатушы болып жұмыс істеді. 1942 жылы 28 мамырда әскер қатарына шақырылып, майдан даласына аттанды. Жау оғынан екі рет жарақат алған ол, ерлігімен көзге түсіп, 1944 жылы 1106-атқыштар полкының №036 бұйрығы бойынша «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды, - дейді майдангердің қызы Роза Текетбаева.

Батыр Бауыржанның: «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген сөзі дәл әкемізге арналып айтылғандай. 1945 жылы Шығыс Пруссиядағы Хайлигенбайль қаласын азат ету кезіндегі шайқаста ерекше көзге түсіп, 4 пулемет нүктесін жойып, танкіге қарсы зеңбіректі қолға түсіріп, Дойти Тирау елді мекенінде жаудың 30 жауынгерін жойып, 12-сін тұтқынға алған. Бұл ерлігі үшін «ІІІ дәрежелі Даңқ» орденімен марапатталды.

«Әкеміз сондай-ақ КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен берілген «Қызыл Жұлдыз» орденін, «Германияны жеңгені үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «1941–1945 жылдары Ұлы Отан соғысында ерен еңбегі үшін» медальдарын иеленіп, Бас қолбасшы И. В. Сталиннің алғыс хатына да лайық деп танылды. 

Соғыстан кейін де ол ерлік жолын еңбегімен жалғастырып, 1985 жылы І дәрежелі Отан соғысы орденімен, 1988 жылы «КСРО Қарулы күштеріне 70 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды», дейді майдангердің қызы Роза Текетбаева.

Ол 1947 жылы туған еліне аман-есен оралған соң, бір сәт те қарап жатпады. Сол жылы желтоқсан айынан бастап әр салада елге адал қызмет етті. Шарбақты, Ырғайты, Қамысқала ауылдық кеңестерінде хатшы, кейін Жағатал ауылында кеңес төрағасы, одан соң салық агенті, салық инспекторы, кіріс бөлімінде инспектор, су шаруашылығында инженер, байланыс саласында инженер-техник қызметтерін атқарды. 

1969 жылы бастамашы болып «Жағатал байланыс бөлімін» аштырып, басқарды. Сол кезеңде Сарықұм кеңшарының құрылуына да атсалысты. Әкеміздің еңбек жолына қарап, қай жұмысты да абыроймен атқарып, ел ісіне белсене араласқанын аңғару қиын емес.

Садықан Текетбаев отбасында да үлгілі әке, асыл жар бола білді. 1947 жылы Нұрбибі Сапыновамен шаңырақ көтеріп, 4 қыз бен 5 ұлды тәрбиелеп өсірді. Әкеміз екі тілді еркін меңгерген, көргенді, көпшіл, адалдықты ту еткен азамат еді. «Өтірік айтпаңдар, біреудің ала жібін аттамаңдар» деп отыратын тәлім-тәрбиесі бізге өмірлік ұстаным болды. Үйіміз әрдайым қонақтан арылмайтын, дастарханымыз жиылмайтын.

Өмірінің соңына дейін елге, ұрпаққа қызмет еткен асқар тау әке 1990 жылы 67 жасында дүниеден өткен. Ал алтын құрсақты жары 1992 жылы 65 жасында өмірден озыпты. Олардан қалған өнеге мен ізгілік ұрпақ жүрегінде жаңғырып тұрады. Бүгінде қызының әңгімесін тыңдапотырып, батырдың ұрпақтары әке өсиетін бойына сіңіргенін аңғардық.

Саналы ғұмырын елі мен жеріне арнаған, ел үшін етігімен су кешкен осындай ерлердің ерлігі мен еңбегін ұрпақ ұмытпайды. Бейбіт аспан, тыныш өмір – солардың қанымен келген қасиетті аманат. Сондықтан олар жайыл қанша жүрек толқытар әңгіме айтсақ та жарасады.

Өзгелердің жаңалығы